2020 жылғы II тоқсандағы экономиканың нақты секторы кәсіпорындарына жүргізілген пікіртерім нәтижелері бойынша (салалық конъюнктуралық шолу) ҚРҰБ Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Жандос Шаймардановтың түсініктемесі
Осы жылдың екінші тоқсанында құрылыстан басқа барлық салалардағы кәсіпорындардың арасында бәсекелестіктің өсуі байқалды. Бұған экономиканың нақты секторы кәсіпорындарына жүргізілген пікіртерімнің нәтижелері дәлел бола алады.
Респонденттердің деректері бойынша, ең көп бәсекелестік сауда саласында (39,6%), ең азы – тау-кен өнеркәсібінде (12,2%) сезілді. II тоқсанда барлық қаралып отырған салаларда ағымдағы жылғы І тоқсанда басталған кәсіпорындардың өніміне деген сұраныстың төмендеу үрдісі жалғасты, өңдеу өнеркәсібінде ең аз төмендеу байқалды. III тоқсанда сұраныс одан әрі төмендейді, бірақ анағұрлым ұстамды қарқынмен болады деп күтіледі.
Пікіртерім деректеріне сәйкес, келесі 12 айда барлық салаларда қаржыландыру бұрынғы көлемде сақталады. Қаржыландыру көзі бұрынғысынша кәсіпорындардың өз қаражаты болып қалуда.
Респонденттер Ресей рублін шетелдік әріптестермен есеп айырысуда пайдаланылатын негізгі валюта деп атады.
Рубльді өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары ең көп пайдаланады - 62,1%, саудада – 56%. Тау-кен өнеркәсібінде АҚШ доллары басым – 61,7%.
Бұл ретте пікіртерім жүргізілген компаниялар теңге бағамы өзгерісінің АҚШ долларына және Ресей рубліне теріс ықпалының азайғанын атап өтті. Карантин шараларының енгізілуіне байланысты кәсіпорындар өндіріс көлемін 2020 жылғы ІІІ тоқсанда ғана қалпына келтіруге үміттенеді. Алдыңғы жылдары өндіріс көлемінің маусымдық ұлғаюы 2-тоқсанда байқалды.
Сауалнамаға барлығы 2,5 мыңға жуық өндіруші және өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, сауда, көлік және қоймада сақтау кәсіпорындары қатысты.