Банктер кәсіпкерлерді банктаралық мобильді төлем жүйесін қолдану арқылы төлем қабылдау мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндеттелді. Тиісті норма 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VІIІ Заңмен «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңның 25-бабына енгізілді. Өзгерістер 2026 жылдың екінші жартысында күшіне енеді.

Жаңа ережеге сәйкес, мобильді қосымшалар және (немесе) қашықтан қол жеткізу жүйелері, соның ішінде QR арқылы төлем қызметтерін ұсынатын екінші деңгейлі банктер жеке тұлғалардың нұсқауы бойынша ақша аударымдары мен төлемдерін жасау үшін банктаралық мобильді төлем жүйесімен өзара іс-қимыл жасауға міндетті.

Осыған байланысты, жалпы пайдаланудағы телекоммуникация желісі жоқ жерлерді қоспағанда, кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларға төлем карталарын қабылдауға арналған жабдық (терминал) орнататын банктер Қазақстан Ұлттық Банкі белгілеген форматтағы штрих-кодты (QR) қалыптастыра отырып, банктаралық мобильді төлемдерді қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Терминалдарды қолдануды қажет ететін қызмет түрлерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

Қазіргі таңда QR-кодпен төлем жасау үшін әр банктің жеке терминалы қажет. Бұл жағдайды реттеу үшін барлық банкке ортақ, бірыңғай және өзара оқылатын QR-код енгізілмек.

Бұл норма әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазақстандық банктердің Ұлттық төлем корпорациясының (ҰТК) бірыңғай QR-код жүйесіне қосылуына жарты жылдан аз уақыт қалды. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне еніп, барлық ЕДБ-ны тауарлар мен қызметтер үшін бір терминалда, бірыңғай QR арқылы төлем қабылдауға техникалық мүмкіндік беруге міндеттейді.

2025 жылдың қараша айына дейін бұл жүйеге Қазақстандағы 23 банктің тек алтауы ғана қосылған: Halyk Bank, ЦентрКредит Банкі, Freedom Bank, Altyn Bank, RBK Bank және Home Credit Bank (Kaspi-де «нысаналы модель» бойынша тестілеу жүріп жатыр). Бастапқыда бірыңғай QR 2022 жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарланған болатын, бірақ ірі банктердің іс жүзіндегі бойкотына байланысты іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.