Биылдыққа үй саудасы құлдырап барады

2026 жылдың тамыз айында Қазақстанда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 35 807 мәміле тіркелді. Бұл шілде айымен салыстырғанда 3,6%, ал өткен жылдың тамызымен салыстырғанда 13,5% аз. Жыл басынан бергі сегіз айдың қорытындысында мәмілелер саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3% төмендеген.

Тамыздағы мәмілелердің 27 719-ы көппәтерлі үйлердегі пәтерлерге, ал 8 088-і жеке тұрғын үйлерге тиесілі болды. Пәтерлер арасында ең көп сұраныс 1 және 2 бөлмелі баспаналарға байқалды: тиісінше 10 806 және 10 296 мәміле жасалған. 3 бөлмелі пәтерлер бойынша 5 425 мәміле тіркелсе, 4 бөлмелі пәтерлер саны 1 046-ны құрады.

Бір айдағы өсім бойынша Алматы қаласы (+5,9%), Қостанай облысы (+5,5%), Қарағанды облысы (+5,1%) және Жетісу облысы (+3,8%) алға шықты. Ал ең үлкен төмендеу Алматы облысында (-21,1%), Атырау облысында (-15,7%), Жамбыл облысында (-13,7%) және Ұлытау облысында (-10,9%) тіркелді.

Жылдық көрсеткіш бойынша да тұрғын үй нарығының белсенділігі төмендеген. Әсіресе Астана қаласында мәмілелер саны бір жылда 32,3% азайған. Сондай-ақ Алматы облысында (-18%), Павлодар облысында (-14,5%) және Атырау облысында (-14,3%) айтарлықтай төмендеу байқалды. Керісінше, Түркістан (+9,8%), Қостанай (+3,3%) және Солтүстік Қазақстан (+1,1%) облыстарында өсім тіркелген.

Қаңтар-тамыз аралығында ең жоғары өсім Түркістан облысында байқалды (+30,3%). Сондай-ақ Ақмола (+7,7%), Солтүстік Қазақстан (+6,5%), Маңғыстау (+5,9%) және Қарағанды облыстарында (+5,1%) оң динамика сақталған. Ал ең үлкен төмендеу Астана қаласында (-15,8%), Ұлытау (-14,9%) және Батыс Қазақстан облыстарында (-13,6%) тіркелді.

Сарапшылардың пікірінше, ипотекалық нарықтағы белсенділіктің баяулауы, тұрғын үй бағасының жоғары деңгейде сақталуы және маусымдық факторлар нарықтағы мәмілелер санының қысқаруына әсер етіп отыр.