«Бәйтерек» холдингі 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландырудың рекордтық көлемін қамтамасыз етеді. Жыл соңына дейін қолдау сомасы 613 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында холдинг төрағасы Рустам Қарағойшин мәлімдеді.
«Өрлеу» бағдарламасы шағын және орта бизнесті қолдаудың негізгі құралдарының бірі. Бүгінгі таңда 1,8 мыңнан астам жоба қолдау тапты. Бағдарламаның басты айырмашылығы – ол кепілдердің жетіспеушілігі мәселесін жүйелі түрде шешеді: кепілдік беру құралдары арқылы кәсіпкерлер 80 млрд теңге несиеге қол жеткізді.
«2025 жылдың соңына дейін қосымша 108 млрд теңгені игеру жоспарланған. Оның 48,8 млрд теңгесі — Қор қаражаты, қалғаны — екінші деңгейлі банктердің қаражаты. Бұл шамамен 400 кәсіпкерді қосымша қолдауға мүмкіндік береді. Жалпы 2025 жылы Холдингтің құралдарынан 25 мыңнан астам шағын, орта, кіші кәсіпорындарға көмек көрсетіліп отыр. Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Өрлеу» бағдарламасы шеңберіндегі жалпы қаржыландыру көлемі 613 млрд теңгеге, ал қарыз алушылар саны шамамен 2 мың мекемеден асып отыр», — деді Рустам Қарағойшин.