Қазақстан Республикасында 2025 жылғы қаңтар-қазанда пайдалануға берілген жаңа нысандардың жалпы алаңы 19 млн шаршы метрді құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 2024 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 4,5% көбейіп, 14,6 млн шаршы метрге жетті. Оның ішінде 9 279 мың шаршы метрі – көппәтерлі үйлер, ал 5 204,7 мың шаршы метрі – жер үйлер, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы. 

Тұрғын үйлердің басым бөлігін – 13,4 млн шаршы метрді немесе 92%-ын жеке құрылыс салушылар пайдалануға берген. Оның ішінде 5,5 млн шаршы метрді халықтың өзі салған үйлер құрайды.

Біршама өңірде пайдалануға берілген тұрғын үйлер артты. Ең үлкен өсім Астана (3,3 млн ш.м), Алматы (2,1 млн ш.м), Шымкент (982 мың ш.м.) қалаларында, Алматы (947 мың ш.м), Түркістан (931 мың ш.м.), Қызылорда (766 мың ш.м.), Қарағанды (493 мың ш.м.) облыстарында байқалды.

Кей өңірлерде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі төмендеген. Атап айтқанда, Ақмола облысында бұл көрсеткіш 468 163 шаршы метрді құрап, 5% азайды; Абай облысында – 174 215 шаршы метр, 34,3%; Маңғыстау облысында – 445 586 шаршы метр, 40,6% құлдырап кетті.