«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген дерек бойынша 2025 жылғы қыркүйекте Қазақстан аумағындағы дилерлер 18 357 жаңа жеңіл және коммерциялық көлік сатты, бұл былтырғы осы аймен салыстырғанда 2,4% жоғары көрсеткіш. Жалпы тоғыз айда 161 584 автомобиль өткен (+17,9%).

«2025 жылдың үшінші тоқсанында сауда тұрақты, ал тұтынушылардың сұранысы былтырғыдан жоғары болды. Нарықта белсенділік артуы өкінішке қарай, алаяқтардың да назарына ілінді. Азаматтардың шетелден көлік сатып алу кезінде алданып қалу жағдайлары жиілеп кетті. Қазақстан азаматтарынан сақтық танытып, машина алмас бұрын заң тұрғысынан тазалығын тексеруді сұраймыз. Нарықтағы ресми ойыншылар сатып алушыларға тиімді ұсыныстар мен маусымдық жеңілдіктер ұсынады», – ҚАО президенті Анар Мақашева.

Үздіктер үштігінде еш өзгеріс жоқ: Hyundai –4 169 (былтырғы қыркүйекпен салыстырғанда -1%), Chevrolet (2 942; -2,8%) және Kia (2 001; +2,5%). Бұл жолы төртінші орында Toyota (1 145; +18,7%) жайғасты.  Одан бөлек тізімде Chery (919; -30,6%), Jetour (912 бірл.; +29,4%), Geely (864; +15,2%), Jac (729; -2,4%), Changan (661; +14,6%) және Haval (622; -29,6%) бар.

Ең танымал модельдер қатарында да әдеттегідей Chevrolet Cobalt (2400), Hyundai Tucson (1 574) және Kia Sportage (947) алда келеді. Төртінші сатыға Hyundai Mufasa (679) орналасты. Сонымен қатар тізімге Hyundai Elantra (645), Toyota Camry (571), Hyundai Santa Fe (533), Changan CS55 Plus (473), Chevrolet Onix (449)  және Chery Tiggo 2 (436) енді.

Тоғыз ай қорытындысы бойынша брендтер көшін тағы Hyundai (35 695; +14,6%) бастады. Күміс жүлдені  22 907 данасы иесін тапқан Chevrolet еншілесе, үштікті Kia (17 590;  +3,1%) түйіндеді. 10 403 кроссовері өткен Jetour төртінші (+59,3%), 10 212 көліктің кілтін тапсырған Chery бесінші орын алды (-3,4%). Алтыншы қатарға Haval (8 307; +20,5%) тұрақтады. Тізімге тағы Toyota (7 685; +3,8%), Changan(7 662; +25,3%), Geely (7 536; +34,4%) және Jac (7 382; -8,9%) кірді.