1 қарашадағы жағдай бойынша республикалық бюджет кірісі 16,4 трлн теңгеден асты. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 15,1 трлн теңге болған еді. Бұл жоспардан 5% төмен. Мұндай деректер Қаржы министрлігінің статистикасында берілген.
Осы соманың ішінде салықтан түскен қаражат 10,8 трлн теңгені құрады. Корпоративтік табыс салығы 3,2 трлн теңге болды (жоспардан –7,6%), қосылған құн салығы – 4,65 трлн теңге (–8,2%). Бұл ретте орындалу қарқынының баяулауы жалғасты (1 қазанда – 95,5%, 1 қыркүйекте – 96,6%).
Салықтан тыс түсімдер 582,4 млрд теңгені құрап, күтілгеннен 45,8% жоғары болды. Негізгі бөлігін мемлекеттік мүліктен түсетін кіріс қамтамасыз етті. Алайда бұл өсім жүйелі сипатқа ие емес және салық базасының баяулауын өтей алмайды.
Ұлттық қордан бюджетке бөлінетін трансферттер 4,9 трлн теңге жоспардың орнына 4,5 трлн теңгеге жетті (–9%). Бұған маңызды жалпыұлттық жобаларды іске асыруға бағытталатын нысаналы трансферттердің толық орындалмауы әсер еткен.
Негізгі орындалмау факторы – нысаналы трансферттердің төмен игерілуі (84,9%). Бұл инвестициялық жобаларды баяу игеру сияқты институционалдық проблеманы көрсетеді. Мұндай жағдай бюджет шығындарының мультипликативтік әсерін төмендетіп қана қоймай, орындаудың кассалық бейінін де бұрмалайды: игерудің шарықтау шегі дәстүрлі түрде жылдың соңына түседі, бұл инфляциялық тәуекелдерді күшейтеді.
Сонымен қатар бюджет шығфны 19,6 трлн теңгені құрап, жоспардан 6% төмен болды. Мұндай процесс жыл басынан бері байқалып келеді.
Нәтижесінде бюджет тапшылығы 3,37 трлн теңгеге жетті – бұл күтілгеннен аз. Мұнай кірістерін есепке алмайтын тапшылық жоспардағы 10,2 трлн теңгенің орнына 9,2 трлн теңгені құрады.
Қарыз алу көлемі жоспарға қарағанда 6,3% өсіп, 7,3 трлн теңгеге жетті. Мемлекеттік несиелерді өтеуге 4 трлн теңге бағытталды.