Қаржы министрлігі 2026 жылға арналған республикалық бюджетке түсетін қаражат болжамын бекітті. 

Болжамға сәйкес, 2026 жылы республикалық бюджеттің кірісі 22,88 трлн теңге көлемінде жоспарланып отыр, оның 18,88 трлн теңгесі салықтан түсетін қаражат есебінен құралуға тиіс.

Бұл соманың ішіндегі негізгі көрсеткіштер:

  • Корпоративтік табыс салығы – 5,18 трлн теңге;
  • Қосылған құн салығы – 10 трлн теңге;
  • Кедендік төлемдер – 2,39 трлн теңге.

Салықтық емес қаражат болжам бойынша 330,7 млрд теңгені құрайды, оның ішінде мемлекеттік меншіктен түсетін табыс 253,4 млрд теңге деңгейінде болмақ.

Ұлттық қордан берілетін трансферттер 2,77 трлн теңгеге дейін азайтылады. Сонымен қатар тартылатын қарыздар көлемі 8,7 трлн теңгеге жетеді: ішкі қарыздар — 6,4 трлн теңге, сыртқы қарыздар — 2,3 трлн теңге.

Айта кетсек, 2025 жылы республикалық бюджеттің кірісі 21,39 трлн теңге, ал салықтық түсімдер — 15,19 трлн теңге деңгейінде жоспарланған болатын (бұл 2026 жылғы болжамнан 3,69 трлн теңгеге аз). Ол кезде КТС — 5,08 трлн теңге, ҚҚС — 6,51 трлн теңге болады деп болжанған еді.

Алайда, 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бюджетке небәрі 12,85 трлн теңге салық түсті, бұл жоспардан 5,2% төмен. КТС бойынша жоспардың орындалмауы 11,1%-ды, ал ҚҚС бойынша қараша айының соңындағы күтілген көрсеткіштен 4,8%-ды құрады.