ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше 2025 жылдың қарашасында Қазақстандағы зауыттар жалпы құны 311,1 млрд теңге болатын 22 580 техника өндірген, бұл – биылғы ең жақсы нәтиже. Өткен қарашамен салыстырғанда өндіріс көлемі 25,5% өсті. Дәл осы айда рекордтық 20 730 жеңіл автомобиль, 807 жүк көлігі, 646 автобус, 310 жартылай тіркеме мен тіркеме, 87 басқа арнайы техника жасалды.
Жалпы он бір айда елдегі зауыттар бағасы 2,03 трлн теңгені құрайтын 146 163 техника құрастырды, бұл былтырғы ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен 15,7% жоғары. Республика бойынша машина жасау саласындағы автомобиль өндірісінің үлесі – 41,7%.
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) берген мәліметке сүйенсек, 11 айда Қостанайдағы Allur 79 227 техника құрастырды (+2,3%). Алматыдағы зауыттар (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) 48 543 жеңіл және коммерциялық көлік өндірді. Семейдегі кәсіпорындар (СемАЗ, Daewoo Bus Kazakhstan) 3 735 коммерциялық техника шығарса, Қарағанды облысы (QazTehna) клиенттеріне 2 080 техника жөнелтті (+53,4%). Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг конвейерінен 1 122 коммерциялық техника түсті (+3,5%).
Биыл қаңтар мен қараша аралығында аса танымал болған брендтер: Hyundai (47 740), Chevrolet (28 152), Kia (24 903), Jetour (12 936) және Jac (11 712). Модельдер қатарында Chevrolet Cobalt (23 335), Hyundai Tucson (20 912), Kia Sportage (11 202), Hyundai Mufasa (7 950) және Hyundai Elantra (6 261) басым.