2025 жылдың II тоқсанында Қазақстандағы жан басына шаққандағы орташа айлық табыс 359,6 мың теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,9% көп. Алайда жоғары инфляция қосымша табысты «жеп», халық нақты тұрмыс деңгейінің жақсарғанын сезіне алмады. Қарапайым тілмен айтқанда – адамдар тек қымбаттаған тауар мен қызмет үшін көбірек төлеп отыр, деп жазады economykz.org.
Шығын құрылымы: күнделікті тұтынуға тәуелділік
Халық табысының 98,7%-ы тұтынуға кетеді. Алматы, Маңғыстау және Шымкентте шығын табысқа тең – тұрғындар қаржы «жастықшасын» жасай алмай, айлықтан-айлыққа өмір сүріп отыр. Азық-түлікке – орта есеппен 52,5%. Ең жоғары үлес Түркістанда (62,7%) және Жамбылда (61,9%). Ең төменгі көрсеткіш – Алматы (36,8%) мен Астанада (38,5%).
Әлеуметтік трансфертке тәуелді өңірлер
Ел бойынша табыстың 75%-ы еңбекке негізделсе, Түркістан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында халық табысының 20%-дан астамы әлеуметтік төлемдерден құралады. Бұл аймақтардың бюджетке масыл екенін көрсетеді.
Қарыз жүктемесі
Ұлытау облысында халық табысының 12%-ы қарыз төлеуге кетеді. Қарағандыда бұл көрсеткіш 10% шамасында. Мұндай тәуелділік пайыздық мөлшерлеме көтерілсе немесе табыс азайса, отбасыларды күрделі тәуекелге итермелейді.