Жапонның AJISEN RAMEN мейрамханалар желісі Қазақстанда өндірістік база құрып, бизнесті Еуразия нарықтарына кеңейтуді жоспарлап отыр. 2027–2031 жылдары Қазақстанда және өңір елдерінде 50-ге дейін мейрамхана ашу көзделген. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Shin-Line Group пен AJISEN RAMEN халықаралық желісінің иесі жапондық Shigemitsu Industry компаниясы мастер-франшиза беру және бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды.
Жаңа Ajisen Ramen Central Asia бірлескен кәсіпорны өңірлік басқару, франчайзинг, өнім өндіру және жергілікті нарыққа бейімдеу жұмыстарымен айналысады.
Алғашқы мейрамхана Алматыда ашылады
Жобаның алғашқы кезеңінде Алматыда AJISEN RAMEN флагмандық мейрамханасын ашу жоспарланған.
Сонымен қатар Алматы облысының Байсерке ауылындағы Shin-Line өндірістік қуаттарының базасында орталықтандырылған фабрика-асүй құрылады.
Ол желідегі мейрамханаларды қажетті өнімдермен қамтамасыз етіп, логистиканы ұйымдастырады. Сонымен бірге жергілікті шикізатты пайдалануды жолға қою жоспарланып отыр.
Өнімдер жергілікті тұтынушылардың талғамына бейімделеді. Сондай-ақ шикізатты халал талаптарына сәйкес жергілікті деңгейде бейімдеу қарастырылған.
Қазақстан өңірлік хабқа айналады
Жоба аясында жапондық өндіріс технологиялары, стандарттары мен рецептуралары Қазақстанға енгізіледі. Кейін олар жергілікті тұтынушылардың талғамына қарай бейімделмек.
Компаниялардың жоспарына сәйкес, Қазақстан AJISEN RAMEN бренді үшін Орталық Азия, ЕАЭО елдері, Кавказ және Шығыс Еуропа нарықтарына шығатын өндірістік базаға айналуы тиіс.
Серіктестер 2027–2031 жылдары Қазақстанда және өңір елдерінде 50-ге дейін AJISEN RAMEN мейрамханасын ашуды жоспарлап отыр.
Осылайша жоба Қазақстанда тек жапон мейрамханалар желісін дамытумен шектелмей, өнім өндіру, франчайзинг және өңірлік экспортқа бағытталған толыққанды бизнес инфрақұрылымын қалыптастыруды көздейді.