Қазақстан Ұлттық Банкі 2022 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша есептік төлем балансын қалыптастырды, деп хабарлайды Ұлттық банк.

Төлем балансының ағымдағы шоты 2021 жылдың бірінші жартыжылдығындағы 3,8 млрд АҚШ доллар тапшылығымен салыстырғанда 5,7 млрд доллар профицитпен қалыптасты. 

Қазақстан Ұлттық Банкі халықаралық сауданың ресми статистикасына енгізілмеген жеке тұлғалардың сыртқы экономикалық операцияларының жекелеген түрлері бойынша төлем балансының статистикасын қамтуды кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қосымша хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Бірыңғай сақтандыру деректер базасының мәліметтері негізінде резидент жеке тұлғалардың шетелдік тіркеу нөмірлері бар жеңіл автокөліктерді импорттауына бағалау жүргізілді. Есептеу үшін сақтанушының резиденттік тиесілігі, полистің мерзімі, сипаты (бастапқы, қайталама), автомобильді Қазақстанға әкелу сәтінде шығарған маркасы мен шығарылған жылы туралы ақпарат пайдаланылды.

Орташа нарықтағы бағалар – шығарылған жылын, әкелу кезіндегі көліктің көнелігі мен маркасын ескере келе, ашық көздерден алынған ақпарат негізінде есептелді.

Сондай-ақ, шетелдік халықаралық интернет-алаңдар арқылы жеке тұлғалар сатып алған тауарлардың импортына бағалау жүргізілді. Ол да шетелдік эквайрингтік ортада қазақстандық төлем карталарын пайдалана отырып жүргізілген қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша банктердің сауалнамасына негізделді. Зерттеу нәтижелері бойынша, мұндай операцияларды MCC-кодтар (сауда/сервистік нүкте қызметінің түрі) бойынша жіктеп, интернет арқылы сатып алынған тауарлар импортының көлемін бағалады.

2022 жылдың бірінші жартыжылдығында импорттың жалпы есебі 759 млн АҚШ долларын құрады, оның ішінде: автомобильдер бойынша – 369 млн АҚШ доллары, электронды коммерция бойынша – 390 млн АҚШ доллары.