Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының Аналитикалық орталығы 2025 жылдың желтоқсанындағы кейбір индикаторларға қатысты қаржы нарығының кәсіби қатысушыларынан жүргізілген кезекті сауалнама нәтижелерін жариялады.

Үшінші ай қатарынан теңгенің нығаюы аясында сарапшылардың ұлттық валюта бағамына қатысты болжам айтарлықтай жақсарды: бір айдан кейін доллар бағамы 517,1 теңге деңгейінде болады деп болжануда (бұрын: 532,8 теңге). Қысқа мерзімді горизонттағы бағамды қайта бағалау бірқатар фактордың әсерін көрсетеді — ҚРҰБ және Ұлттық қордан түсетін валюта сатуы, салық кезеңі, мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) резидент еместердің ағыны және реттеушінің қатаң риторикасының әсері.

Алайда, 12 айлық горизонтта доллардың ұлттық валютаға қатысты өсімі 9%-ды құрауы мүмкін (ағымдағы бағам 508,1 теңге), яғни, бір доллар 553,6 теңгеге дейін барады. Мұндай қозғалыстың негізгі факторлары шикізат экспортынан түсетін кірістің төмендеуі, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру аясында күтілетін импорттың өсуі, сондай-ақ келесі жылы Ұлттық қордан берілетін трансферттердің екі есеге жуық қысқаруы (2025 жылғы 5,3 трлн теңгеге қарсы 2,8 трлн теңгеге дейін) болуы мүмкін.

Сұраныс пен ұсыныс теңгерімсіздігі аясында мұнай бойынша күтулердің төмендеу жағына қарай қайта қаралуы (бір жылдан кейін 65,2 долларға қарсы бір баррель үшін 62,6 долларға дейін) ағымдағы шоттың терең теріс сальдосы қаупін күшейтеді. Бұл ұлттық валютаға іргелі қысым көрсетіп, экономикалық өсуге теріс әсер етеді.

ЖІӨ өсімі бойынша бір жылдан кейінгі болжам бұрынғы 4,5%-дан 4,4%-ға дейін нашарлады. Энергоресурстар бағасының төмендеуі, қатаң қаржылық жағдайлар, екі таңбалы инфляция, Ұлттық қордан алулардың қысқаруы және ағымдағы жылдың жоғары базалық әсері экономикалық өсу динамикасына кері әсер етуі мүмкін.

Сарапшылардың 12 айлық горизонттағы инфляциялық күтулері нашарлады: Тұтыну бағасының индексі бойынша болжам 11,7%-ға дейін жоғарылады (бұрын 11,2%). Жоғары қарай қайта қаралу шикізаттың төмен бағасының жоғары тәуекелдеріне, күтілетін теңгенің әлсіреуіне және алдағы салықтық өзгерістерге байланысты болуы мүмкін.

Жоғары инфляциялық болжам және тұрақты дезинфляциялық жағдай белгілерінің болмауын ескере отырып, нарық қаңтар айындағы отырыста базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде сақтауды болжап отыр.

Алайда, бір жылдан кейін базалық мөлшерлеме 16,5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Бұған біржолғы проинфляциялық факторлардың әлсіреуі (салық реформасы мен тарифтердің өзгеру әсері көбіне сарқылуы мүмкін), жоғары мөлшерлемелер мен макропруденциялық реттеудің қатаңдауына байланысты ішкі сұраныстың салқындауы, фискалдық ынталандырудың қысқаруы әсер етеді. Бұл ақша-кредит жағдайларын сақтықпен жеңілдетуге мүмкіндік береді.