Инфляцияға қарсы күресте Ұлттық банк қолданатын бірегей құрал – базалық пайыздық мөлшерлеме. Оны көтеру немесе төмендету арқылы Ұлттық банк экономикадағы ақша құнына әсер етуді көздейді. Алайда, қымбатшылықты ауыздықтау базалық мөлшерлеменің жалғыз мақсаты емес. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы да тікелей базалық мөлшерлемеге байланысты.
Әдетте "базалық мөлшерлеме төмен болуы тиіс, сол кезде несие пайызы да төмендейді, сөйтіп халық үшін қолжетімді қаражат пайда болады" деген уәж айтылады. Бұл ретте арзан пайызбен несие рәсімдей алмай отырған шағын және орта бизнес өкілдері немесе күнделікті азық-түлігін де несие мен бөліп төлеуге алып жүрген халық үшін базалық мөлшерлеменің төмен болғаны тиімді деседі. Алайда, егер базалық мөлшерлеме төмен болса, доллардың бағамы да күрт көтерілетінін көпшілік ескере бермейді. Сөзімізге дәлел ретінде былтыр базалық мөлшерлеменің көтерілген кезде доллар бағамының төмендегенін айтуға болады.
Былтыр 30 қазаннан бастап 30 қарашаға дейін мұнай бағасы 98 доллардан шамамен 80 долларға дейін, яғни 20%-ға жуық құлдырады. Алайда осы уақыт аралығында доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 1 қарашадан 1 желтоқсанға дейін 462 теңгеден 467 теңгеге ғана, 1%-дан сәл астам өсті. Мұнай бағасының осыншалықты құлдырауына қарамастан теңге бағамының өзгермеуінің ең негізгі себептерінің бірі Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруі еді. Естеріңізге сала кетейік, 27 қазан күні бас банк базалық мөлшерлемені 16%-дан 16,75%-ға көтерген болатын.
Кей сарапшылар жыл соңына қарай доллардың арзандауын салық мерзімімен байланыстырып, яғни кәсіпорындар салық төлеу үшін долларларын сатып, теңге алып, тиісінше бұл теңге бағамын көтереді дегенді айтады, дегенмен бұл жағдайда Ұлттық банктің шешімінің әсері күштірек болғаны байқалады. Себебі, биыл салық мерзімі саналмайтын мамыр айында да базалық мөлшерлеменің теңге бағамын «құтқарып» қалғанын байқадық.
Сәуірдің екінші жартысынан бастап 5 мамырға дейін қара алтын құны шамамен 85 доллардан 75 долларға дейін құлдырады. Тиісінше осы уақыт аралығында доллардың құны теңгеге шаққанда 450-ден 445-ке дейін төмендеді. Мұнай арзандаса қымбаттауы доллар керісінше арзандады. Мұның себебін тағы да Ұлттық банктің шешімінен көруге болады, 10 сәуір күні Ұлттық банк мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалған еді.
Әрине, долларды арзандата алатын бірегей фактор – мұнай бағасын тасада қалдырып кете алмаймыз. Біздің басты экспорттық көзіріміздің әлемдік нарықтағы бағасы жоғары болса, теңге бағамы да көтеріледі. Дегенмен жоғарыда айталғандай, тіпті мұнай арзандаған жағдайда да базалық мөлшерлеме арқылы теңге курсын құтқарып қалуға болады.
Өздеріңіз байқағандай, базалық мөлшерлемені төмен деңгейде ұстау инфляцияны өршітіп жіберетіні өз алдына, теңгенің айырбас бағамын да төмендетіп жібереді. Ал қазір біз үшін (жалпы экономика және бұқара халық үшін) теңге бағамының жоғары болғаны қолайлы. Өйткені базалық мөлшерлеменің төмендеуі несиені арзандатқанымен долларды қымбаттатады. Егер біз импорттық тауарларымызды түгел дерлік доллармен есеп айырысып сатып алатынымызды ескерсек, онда шетелден келетін тауар құны да қымбаттап шыға келеді деген сөз. Себебі – курс қымбат. Ал біз тұтынатын тауарлар не тікелей, немесе бөлшек түрінде, шикізаттай шетелден келетіні белгілі. Ішкі өндіріс дамымаған ел үшін доллар бағамының қымбаттап кеткенінен артық экономикалық қиындықтың болмайтыны сондықтан.
Бүгін, 26 мамыр күні Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті базалық пайыздық мөлшерлемені жылдық 16,75 пайызы деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады.
Бас банктің мәліметінше, инфляцияға әсер ететін сыртқы факторлар жақсара бастаған. Сауда жасасатын серіктес елдердегі инфляция да біртіндеп бәсеңдеген. Халықаралық нарықтағы азық-түлік, соның ішінде астық бағасының қымбаттау қарқыны да төмендеген. Бұның бәрі алдағы уақытта Қазақстанда да инфляцияның төмендетуі тиіс. Сыртқы факторлардың қолайлы бола бастағанына қарамастан, Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетпегенінің бір себебі ішкі жағдайларда.
Таяудағы жанармай бағасының көптен бері алғаш рет қымбаттауы және коммуналдық шаруашылық нысандарын жөндеу үшін тарифтерді көтеру саясаты алдағы уақытта теңгені әлі де құнсыздандырып, жалпы инфляцияны күшейте түсуі әбден мүмкін. Осы орайда, нарық қатысушылары болашаққа айтарлықтай позитив болжам айта алмайды. Тиісінше бас банк та базалық мөлшерлемені төмендетуді орынды деп таппай отыр.
Дегенмен, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, жылдың екінші жартысына қарай, нарық оңала бастаса базалық мөлшерлемені төмендеуі әбден мүмкін.