Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 15,75 пайызға дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Бұл базалық ставкаға қатысты биылдыққа қабылданып отырған сегізінші шешім және базалық мөлшерлеме қатарынан үшінші рет төмендетіліп отыр. Осы арқылы Ұлттық банк ақша-несие саясатын біртіндеп жұмсартуға бейіл екендігін де аңғартқандай.

Жылдық инфляцияның қазан айында да баяулап, 10,8 пайызға тоқтауы көрсеткішті алдыңғы болжамды диапазонның төменгі шегіне біршама жақындатып тастады. Сондай-ақ өткен айда айлық инфляция да төмендеп, өзінің орташа тарихи мәндеріне таяған. Жалпы алғанда, баға өсімінің баяулауына қазір жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, жаһандық инфляциялық қысым мен өндірістік шығындардың төмендеуі, логистикалық тізбектердің біртіндеп қалпына келуі, билік қабылдаған шаралар, сондай-ақ өткен жылғы жоғары базаның ықпалы әжептәуір әсерін тигізді.  

Базалық ставканың инфляциямен күресудегі негізгі құралдардың бірі екені белгілі және бұл құралдың жалқы құзіреті Ұлттық банкте ғана. Біздіңше, қаржы қадағалаушысы базалық ставканы жоғарылату және төмендету міндетін қатесіз атқарып келеді. Мұны әлгінде тиімді құрал дедік. Құрал болғанда да өте қитұрқы құрал. Оны да қолдана білу керек. Әйтпесе орынсыз қабылданған жалғыз шешім нарықтың астын үстіне шығаруға қабілетті.

Ұлттық банк базалық ставканы төмендетуді жаз кезінен бастады, өйткені сол кезден бастап инфляция азайып келе жатыр. Цифрларға жүгінетін болсақ, ахуал былай көрініс табады: Былтырғы ауыр экономикалық сынақтан кейін Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені әзірге өзінің ең жоғарғы шегі саналатын 16,75 пайызға дейін көтеріп тастаған болатын. Бұл ставка былтыр, яғни 2022 жылдың желтоқсанында тіркелді. Осылайша, ҰБ қатаң монетарлық саясаттың етегінен ұстады. Тиісінше, бұл ставка 2023 жылдың тамызына дейін сол орнынан мызғыған жоқ. Өйткені инфляция кешегі күнге дейін ырыққа көнер сыңай танытқан жоқ. 2022 жылдың соңында жылдық инфляция 20,3 пайызға дейін жетті. 2023 жылдың бас кезінде де жедел төмендеу байқалмады. Қаңтарда инфляция көрсеткіші 20,7 пайызға жетті. Ақпанда тіпті шырқады – инфляцияның жылдық мәні 21,3 пайызға дейін көтерілді. Баға өсімінің екпіні наурызда ғана бәсеңсіді, жылдық инфляция 18,1 пайызға дейін баяулады. Мамырдың қорытындысы бойынша – 15,9, маусымның қорытындысы бойынша – 14,6, шілдеде – 14,0 пайыз болды. Бұл кезге дейін базалық ставка төмендетілген жоқ және кейбір сарапшылар тарапынан қатаң сынға да ұшырады. Олар инфляция ерекше қарқынмен төмендеп жатыр, Ұлттық банк болса ақша-несие саясатын жұмсартуға асығар емес деді.

Әлбетте, нарықта түрлі пікірлердің орнығуы қалыпты құбылыс, дегенмен мұндай пікірлердің байбаламға жақын екенін аңғару да қиын емес. Өйткені қанша төмендеді дегенмен, инфляция әлі де болса екі таңбалы мәннен түгел арылған жоқ. Сол себепті, оның қаупі де сейілмейді. Аздаған пайызға әлсіреген инфляция кез келген сәтте қайта күш алып кетуі ықтимал. Бұған әсер ететін факторлар да жетіп артылады – геосаяси жағдай, мұнай бағасының құлдырап кетуі, сауда серіктес елдердегі нашар экономикалық жағдай деген секілді. Сондықтан жеті рет өлшеп, бір рет кесудің қашанда артығы болмайды. Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені төмендету қадамын біраз уақыттан кейін алғаш рет тек тамызда ғана жасады. 28 тамызда 16,75 пайыздан 16,50 пайызға дейін төмендетті. Одан кейінгі отырыста 16,00 пайызға дейін түсірді. Енді міне, маңызды ставканы 15,75 пайыз деңгейіне аялдатып отыр. Қазанның қорытындысы бойынша инфляцияның жылдық мәні 10,8 пайыз болды. Өзіміз мақсат еткен мәреге әне-міне таяп қалған секілдіміз.

Байқағанымыздай, Ұлттық банк инфляцияның күш ауанын байқағаннан кейін және сын-қатерге кепіл боларлық деңгейге жеткеннен кейін әркез базалық ставканы төмендетіп келе жатыр. Кейбір сарапшылар мен депутаттар сынға алғандай, қатаң монетарлық саясатқа жабысып отырған жоқ. Базалық ставканы біраз уақыт қатаң аймақта ұстап келсе, бұған бірден бір себеп болған фактор – әрине, инфляция. Әйтпесе Ұлттық банктің қарадай қырсығатындай ешкімде алты аласы, бес бересі жоқ екені түсінікті. Шындап келгенде, ҰБ үшін де базалық ставканың төмен болғаны тиімді.

Егер инфляция осы қарқынмен төмендей беретін болса, онда базалық ставка келесі жылы тағы да төмендеуі мүмкін. Биылғы шешімдердің келер жылғы экономикалық жағдайға оң әсер ететіні де сөзсіз. Ұлттық банк те ставканы төмендетуге кет әрі емес сияқты. Оны Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың сөзінен де байқаймыз. Оның айтуынша, алдағы айларда жылдық инфляция жедел түрде төмендеп, бір таңбалы мәнге көшеді.

«Алдағы уақытта жоғары базаның кетуі есебінен инфляцияның төмендеу қарқыны біршама баяулайды, бірақ сақталады. Сондықтан біз жылдық және айлық инфляция көрсеткіштерін мұқият бақылап, олардың таргеттелген деңгейге жақындауына ерекше мән беретін боламыз. Жекелеген тәуекелдер ерекше назар аударуды талап етеді. Біріншісі – әлемде сақталып отырған орнықты базалық инфляция, сауда серіктес елдер тарапынан сақталып отырған инфляциялық қысым және мұнай бағасының геосаяси тәуекел мен жаһандық инфляцияға әсері. Екіншісі – бюджеттік ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер тарапынан өз экономикамызда да бағаға деген қысым байқалады», деді ол.

Дегенмен орталық банктердің әлі де қатаң саясат ұстануы және жаһандық азық-түлік бағасының төмендеуіне байланысты сыртқы инфляциялық қысым біршама бәсеңдеді. Базалық ставкаға қатысты шешімдер сөзсіз, нақты инфляция динамикасының оның болжамды траекториясына сәйкестігіне байланысты қабылданбақ. Сүлейменов атап көрсетіп отырған 5 пайыздық межеге қолжеткізу үшін ортамерзімді кезеңде ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын ұстап тұру талап етіледі. Мұны ҰБ-ның өзі де мақұлдап отыр.

Инфляцияның 10 пайыздық деңгейі де халықтың қалтасына ауыр соғады. Бірақ жыл басындағы 20 пайыздық деңгейге қарағанда, әрине тәуір көрсеткіш. Ұлттық банк алдағы кезеңдерде инфляцияның 5 пайыздық деңгейге дейін баяулайтынына сенімді. Тиісінше, инфляцияны түсіру тек Ұлттық банктің емес, бүкіл биліктің еншілі міндеті екені белгілі.

Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 19 қаңтарда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.