Бәс тігетіндердің несие алуы қиындайды

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге бірқатар өзгеріс енгізді. Жаңа талаптар құмар ойындарға ақша аударатын азаматтарды бағалау, несие беру және қарыз алушылардың төлем қабілетін анықтау тәртібіне қатысты.

Құмар ойындарға ақша аударғандар жоғары тәуекел тобына енгізілуі мүмкін

Банктер клиенттің құмар ойындарды ұйымдастырушыларға ақша аудару операцияларын бағалайды. Егер соңғы алты айда үш немесе одан да көп аударымның жалпы сомасы 300 мың теңгеден асса немесе бір реттік аударым 500 мың теңгеден жоғары болса, клиентке ақшаны жылыстату тәуекелінің жоғары деңгейі беріледі.

Заңсыз онлайн-казино мен букмекерлерге төлем жасауға тыйым салынады

Банктер Қазақстанда лицензиясы жоқ интернет-казинолар мен шетелдік букмекерлердің пайдасына жасалатын төлемдерді анықтап, толық бұғаттауға міндетті.

Микроқаржы ұйымдары кірісті ресми деректер арқылы бағалайды

Егер азамат қатарынан алты ай ішінде құмар ойындарды ұйымдастырушыларға жалпы сомасы 300 мың теңгеге жететін алтыдан астам төлем жасаса, микроқаржы ұйымдары оның кірісін тек ресми дереккөздер негізінде бағалауы керек.

Бұл талап атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен 21 жасқа толмаған клиенттерге де қолданылады. Олардың табысын бағалау кезінде микроқаржы ұйымдары тек ресми кіріс көздерін ескереді.

Несие беру талаптары да өзгереді

ҚНРДА қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалау, борыш жүктемесін есептеу және несие тәуекелдерін басқару талаптарын да күшейтті.