Қаржы министрлігі Қорғаныс министрлігіне бөлінген бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын тексеру үшін 61 аудитор жіберді. Қазір аудит 50 әскери бөлімде жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте мәлімдеді.
Министрліктің мәліметінше, тексеру барысында мемлекеттік бағдарламалар мен мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді пайдаланылғаны бағаланады.
«Бюджет қалыптастырылған кезде қандай тауар сатып алу және қандай бағдарламаларды іске асыру қажет екенін жоспарлаймыз. Соған сәйкес қаражат бөлеміз. Алайда бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалғанын да тексеру қажет», – деді Мәди Такиев.
Министрдің айтуынша, 2023 жылы да осындай тексерулер жүргізілген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қаржы министрлігі жекелеген бөлімшелерді тексеріп, бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Бұл туралы министрлік бұған дейін есеп берген.
Қазіргі уақытта Қаржы министрлігінің өкілдері Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссия құрамына енгізілген. Аудиттің қорытындысы әзірге жарияланған жоқ.
«Тексеру жүргізу үшін 61 аудитор бөлдік. Қазір 50 әскери бөлім тексеріліп жатыр. Нәтижесін көрейік. Әлі уақыт бар, қосымша ақпарат береміз», – деді министр.
Егер аудит барысында заңбұзушылықтар анықталса, тиісті материалдар құзырлы органдарға жолданады.
Мәди Такиев 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы тексерулердің нәтижесіне де тоқталды. Оның айтуынша, осы кезеңде Қаржы министрлігі жалпы 5,4 трлн теңге сомасында заңбұзушылықтарды анықтап, материалдарды Қаржылық мониторинг агенттігіне тапсырған.
Бұған дейін Қазақстанның Қорғаныс министрлігі қызметіне ауқымды тексеру жүргізілетіні хабарланған болатын.