Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 15,75%-дан 15,25%-ға төмендетті. Сөйтіп, базалық ставка қатарынан төртінші рет төмендеп отыр. Әрине, мұндай шешімнің неліктен қабылданып отырғаны аса жұмбақ емес. Дегенмен қаржы қадағалаушысы бұл шешімін бәрібір көптеген факторларға негіздейді. Соның ішінде азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі мен орталық банктердің тежеу саясатына байланысты сыртқы инфляциялық процестердің қолайлы қалыптасып жатқандығы – басты себеп. 

Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық банктің ақша-несие саясаты базалық ставканы бірыңғай жоғарылату жағына қарай қалыптасты. Яғни, қатаң ақша-несие саясаты берік орнады. Бұдан басқа амал да жоқ болатын. Инфляция өзінің биік мәндерінің біріне жетіп, қымбатшылық күйіп тұрды. Үкімет тұрақтандыру қорлары арқылы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын реттеу арқылы инфляцияны ырықтандыруға тырысты. Дегенмен бұл жанама көмек еді, шын мәніндегі себеп – нарыққа мол ақша ағынының түсуі болатын. Соны шектеу мақсатында Ұлттық банк базалық ставканы қымбаттатты, соған сәйкес екінші деңгейлі банктердің де несие пайызы өсті. Қазір тұтынушылық несие деңгейінің жоғары екенін, халықтың ақшалай ғана емес тауарлық кредитке де қатты арқа сүйеп кеткенін ескеретін болсақ, несие пайызының жоғарылауы алынуы ықтимал қаншама кредит рәсіміне тосқауыл болды. Бұдан бөлек, елдегі корпоративті несиелеу қарқыны да аса жоғары болмай тұр. Тіпті кейбір кәсіпкерлер жеке тұлға ретінде несие алып, өз шаруасын дөңгелетуге бой үйретіп алды. Бұл да тұтынушылық несиенің шарықтай түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Қымбат ставка мұны да шектеді. Әлбетте, кәсіпкерлік қызметтің жанданғаны ләзім, бірақ барша халыққа зардабын тигізген қымбатшылықпен күресу – бәрінен де маңызды мақсат. 

Сол себепті Ұлттық банк өзінің қолындағы жалғыз құрал базалық пайыздық мөлшерлемені іске қосып, инфляция қарқынын бәсеңдете алды. 2022 және 2023 жылы шарықтаған инфляция қарқыны қазір біраз түсті. Нақтылап айтар болсақ, өзінің ең жоғарғы мәніне көтерілген 21,03%-дан 9,8%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның бір таңбалы мәніне 2023 жылдың желтоқсан айының қорытындысы бойынша қол жеткіздік. 2023 жыл бойы инфляция деңгейі ұдайы төмендеумен болды. Бұл сөзсіз – көптеген сарапшының қарсылықты пікіріне қарамастан берік ұсталған қатаң монетарлық саясаттың жемісі. 

Жоғарыда Ұлттық банк базалық ставканы қатарынан төртінші рет төмендетіп отыр дегенді айттық. Нақтылай түссек: 16,75% деңгейіндегі базалық ставканы ҰБ қатарынан 8 ай ұстағаннан кейін алғаш рет 2023 жылдың тамызында 16,5%-ға төмендетті. Келесі қазан айындағы отырыста мөлшерлемені 16% етіп бекітті. Қарашада 15,75%-ға түсіру туралы шешім қабылдады. Ал, міне, 2024 жылдың алғашқы отырысында 15,25% деңгейінде қабылданып отыр. 

Ендігі көзқарас – Ұлттық банк ақша-несие саясатын жұмсарту саясатын тиімді жалғастырады дегенге келіп саяды. Бұлай пайымдауға негіз де жоқ емес. 2020 және 2022 жылдардағы шоктың беті қайтты. Тиісінше, Қазақстанның айналасында және әлемде жеткізу тізбектері қалпына келтірілді, экономикалық өсім пандемияға дейінгі көрсеткіштеріне қайта оралып жатыр және Қазақстанның басты қолдаушы факторы саналатын мұнай өндірісі жеткілікті деңгейде. ҰБ төрағасы Тимур Сүлейменовтың өзі 2025 жылдың соңына таман инфляцияны 5%-ға дейін түсіреміз деп мәлімдеген еді. Ол үшін ұстамды ақша-несие саясатын негізге алу қажеттілігін жақсы түсінеміз. 

Алыс-жақындағы кез келген оқиға біздің экономикамызға да әсерін тигізе алар күшке ие. Өйткені біз де әлемнің бір бөлшегіміз және алыспен де, жақынмен де тығыз экономикалық байланыстамыз. Қандай да бір оқыс геосаяси, геоэкономикалық түйткіл туындап қалмаса, Ұлттық банк базалық ставканы төмендетуді жалғастыра бермек. 

Дегенмен туындап қалуы мүмкін және ішкі күтулерден қалыптасатын тәуекелдер де жоқ емес. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс жалғасып жатыр. Соңғы кезде Қызыл теңізде бірқатар дау-дамай туындап, Иемендегі хуситтер мен АҚШ әскері арасында текетірес күшейді. Ал осы аптада Иран мен Пәкістан арасындағы әскери шиеленіс тіпті ушығып кетті. Гайана мен Венесуэла арасындағы келіспеушілікті де тізімге қоспай тұра алмаймыз. Өйткені екеуі де жетекші мұнай өндіруші мемлекеттер болып саналады. Бұл қақтығыстардың тереңге бармай, тезірек шешімін тапқаны өте маңызды. Сөз жоқ, Ұлттық банк басшылығы мен сарапшылары бұл тәуекелдерді де есепке алады, ескереді. Бірақ Қазақстанның да сыртқы қорғаныс қабілеті тәуір қалыптасты және экономикалық-қаржылық қарым-қатынастарды біршама пісірді, ықтимал тәуекелдердің зардабы тимейтіндей деңгейге жеткізуге талпынып жатыр. Халықтың инфляциялық күтуі де біршама төмендеген. Яғни, көпшілік қымбатшылық келе жатыр деген үрейден арылған. Бірақ тамақ өнімдері мен жанар-жағармай бағасының өсуі әсер етуін жалғастыруда дейді сарапшылар. 

Қалай болғанда да, базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның динамикасына және оның болжамды траекториясына сәйкестігіне орай қалыптасады.