Банк секторының жиынтық активтері 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша тамыз айында 0,7%-ға немесе 249,2 млрд теңгеге ұлғайып, негізінен банктік қарыздардың 2,4%-ға (немесе 412 млрд теңгеге) және қолма-қол ақшаның, тазартылған қымбат металдар мен корреспонденттік шоттардың 8,1%-ға (немесе 290,1 млрд теңгеге) өсуі есебінен 35 105,9 млрд теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің шамамен 12,48 трлн теңгені немесе активтердің 35,6%-ын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Өтімділік қоры банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы негізінен банктердің жиынтық міндеттемелерінің 79,8%-ын немесе 24,509,8 млрд теңгені құрайтын депозиттік портфельмен ұсынылған. Айналысқа шығарылған бағалы қағаздар және басқа банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар сияқты өзге де міндеттемелердің үлесі тиісінше 6,5%-ды және 2,1%-ды құрады.
01.08.2021ж. жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар: негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 20,7%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 25,4%, бұл жүйе бойынша орташа алғанда белгіленген ең төменгі талаптардан айтарлықтай асып түседі.
Ағымдағы жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша банктер өткен жылдың ұқсас кезеңінің көрсеткішімен салыстырғанда 83%-ға ұлғайып, 937 млрд теңге мөлшерінде таза пайда алды (01.09.2020ж. жағдай бойынша – 512,1 млрд теңге). 01.09.2021ж. банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 3,57%-ды (01.09.2020ж. – 3,42%), капитал рентабельділігі (ROE) – 27,78%-ды (01.09.2020ж. – 26,98%) құрады.