Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Банктерді реттеу департаментінің директоры Олжас Қизатовтың банк секторындағы ағымдағы ахуалға қатысты түсініктемесі.

Алдын ала деректер бойынша 2022 жылдың басынан бері банк секторының негізгі қаржылық көрсеткіштері айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған жоқ.

Жиынтық активтер 2022 жылдың басынан бері 859 млрд теңгеге немесе 2,3%-ға төмендеді, бұл негізінен РЕПО операциялары бойынша мәмілелерді өтеу есебінен болды. Несие портфелі 498 млрд теңгеге немесе 2,5%-ға азайды, бұл 478 млрд теңгеге РЕПО мәмілелерін өтеумен байланысты болды.

2021 жылы банк секторын төлемге қабілетсіз банктерден және тарихи жинақталған проблемалық кредиттерден қалпына келтіру аяқталды. Банк секторының активтері 2021 жылы 20,7%-ға ұлғайып, 37,6 трлн теңгені құрады.

Банктердің несие портфелі есепті жылы 28,0%-ға ұлғайып, 20,2 трлн теңгені құрады. Несие портфелінің құрылымындағы 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың (NPL) үлесі жыл басынан 6,9% - дан 3,9%-ға дейін төмендеді, бұл корпоративтік сектордың проблемалық берешегі көлемінің айтарлықтай есептен шығарылуына байланысты. Мәселен, Ұлттық Банктің Кредиттік тіркелімінің деректері бойынша 2021 жылдың 11 айында ірі бизнестің 876,6 млрд теңге сомасындағы берешегі есептен шығарылды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының банк секторы капиталдандыру көрсеткіштерінің, сондай-ақ өтімділік көрсеткіштерінің барынша тұрақты екендігін көрсетті. Банк секторын капиталдандыру 23,4%-ды құрады, бұл тәуекелдердің ағымдағы деңгейіне қатысты капиталдың елеулі буферін куәландырады және болашақта ықтимал тәуекелдерді еңсеруге мүмкіндік береді. Жоғары өтімді активтердің үлесі банк секторының активтеріне қатысты 31,1%-ды құрады.

2021 жылдың қорытындылары банк секторы қызметінің тиімділігін көрсетті. Банктердің таза пайдасы 78%-ға өсіп, 1,3 трлн теңгені құрады.

Қизатовтың айтуынша, депозиттік база 2021 жылы 21%-ға немесе 4,5 трлн теңгеге ұлғайып, 26 трлн теңгені құрады. Оның ішінде заңды тұлғалардың депозиттері - 12,6 трлн теңге, жеке тұлғалардың депозиттері - 13,4 трлн теңге.

 2022 жылы банк секторынан депозиттердің әкетілуі байқалмайды. Банк клиенттерінің салымдары 387 млрд теңгеге немесе 1,5%-ға аздап қысқарды, бұл шаруашылық шарттар мен аванстық салық төлемдері бойынша ірі компаниялардың төлемдері, сондай-ақ жеке тұлғалар депозиттерінің басқа банктерге көшуі есебінен қалыпты табиғи төмендеу болып табылады.

Бұл ретте банк секторының міндеттемелеріндегі депозиттік базаның үлесі 78,6%-дан 79,8%-ға дейін өсті. Міндеттемелер бөлігінде 507 млрд теңгеге РЕПО мәмілелері өтелді.

Банк секторын капиталдандырудың оң серпіні бар. 2022 жылдың басынан бері банктердің меншікті капиталы 120 млрд теңгеге (2.7%-ға) өсіп, 4,7 трлн теңгені құрады.

Агенттік тұрақты қадағалау процесі шеңберінде, сондай-ақ қадағалап стресс-тестілеу жүргізу арқылы банк секторындағы ахуалды күн сайын мониторингтеуді жүзеге асырады.