Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова CAFS2025 пленарлық сессиясында деректер сапасының төмендігі мен жүйесіздігіне назар аударды. Оның сөзінше, көптеген дерек әртүрлі форматта сақталады және бірыңғай келісім жоқ.

Сонымен қатар ол қаржы нарығының ойыншылары қазір ЖИ қолданатын шешімдерді әрқайсысы өз қалауынша әзірлеп жатқанын, ортақ тәсілдерге негізделген бірыңғай стандарттар мен шешімдер жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, бұл болашақта өзара интеграцияға қатысты қосымша проблемалар туындатуы мүмкін.

Әбілқасымованың айтуынша, агенттік келесі жылы осы мәселелерді стандарттауға бағытталған жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.

Айта кетсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова Kaspi Alaqan технологиясына қатысты пікір білдіріп, мемлекет тексеруінен өтпеген жағдайда мұндай өнімге тыйым салынуы мүмкін екенін айтқан еді. Оның айтуынша, жаңа қаржы технологиясы енгізілген кезде ең алдымен оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс және кез келген жаңа қаржы өнімі немесе технология жеке деректердің қорғалуын, алаяқтық тәуекелдерін және тұтынушыларға ықтимал қауіптерді бағалау тұрғысынан сарапталуы қажет.