2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылғы қазанда негізінен өтімді активтердің 2,2%-ға өсуі нәтижесінде 1,0%-ға немесе 492,1 млрд теңгеге ұлғайып, 48,4 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бері 8,6%-ға немесе 3,8 трлн теңгеге өсу).
Өтімділігі жоғары активтер 14,6 трлн теңгені немесе активтердің 30,1%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
2023 жылғы қазанда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 1,5%-ға 26,3 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 15,3%-ға өсу), оның ішінде ұлттық валютадағы кредиттер 1,7%-ға 24,5 трлн теңгеге дейін өсті, шетел валютасындағы кредиттер 0,1%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатынасы бойынша 1,0%-ға нығаюы аясында валюталық қайта бағалау нәтижесінде азайды.
Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы қазанда 0,9%-ға 9,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 3,5%-ға өсті).
Бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы қазанда 1,3%-ға 10,4 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 7,9%-ға өсу). Бұл ретте бизнеске кредиттердің өсуіне негізгі үлес ШОБ субъектілеріне (соның ішінде дара кәсіпкерлер) берілген кредиттермен қамтамасыз етілген.
ШОБ субъектілеріне берілген қарыздар 1,4%-ға 6,8 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 13,3%-ға өсу), ірі бизнеске берілген қарыздар 1,0%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 1,0%-ға азаю).
Корпоративтік кредит берудің өсу қарқынының баяулауы қарыз қаражатының, әсіресе ұзақ мерзімді қарыз қаражатының жоғары құнымен, сондай-ақ 2023 жылғы маусым – қазан аралығында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды тоқтата тұруға байланысты.
Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық қарыздардың 2,3%-ға 9,7 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2023 жылғы қазанда 1,9%-ға ұлғайып, 17,3 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан 22,4%-ға өсу).
Кредиттік портфельдің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша банк секторында мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыздар (NPL 90+) деңгейі несие портфелінің 3,3%-ын немесе 922 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге).
ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 2,9%-ды немесе 331 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,7%-ды немесе 591 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 73,1%-ды құрайды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 76,9%).
Ағымдағы жылғы қазанда банктердің меншікті капиталы 2,7%-ға 6,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 22,7%-ға өсті). 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,3%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 21,8%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
2023 жылғы қазанда банк секторының міндеттемелері 0,8%-ға 42,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 6,7%-ға немесе 2,6 трлн теңгеге өсті).
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы қазанда заңды тұлғалар депозиттерінің 3,0%-ға 14,9 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 2,0%-ға 32,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жеке тұлғалардың депозиттері бір айда 1,1%-ға 17,2 трлн теңгеге дейін өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы қазанда 2,6%-ға 24,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды, шетел валютасындағы депозиттер 0,1%-ға 7,8 трлн теңгеге дейін азайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі 2023 жылғы 1 қарашада 24,5%-ды құрады (2023 жылдың басында – 31,6%).
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2023 жылғы қазанда 14,2%-ды (2023 жылғы қыркүйекте – 14,6%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 14,0%-ды (2023 жылғы қыркүйекте – 14,0%) құрады.