Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы сәуірде заңды тұлғалар салымдарының азаюы нәтижесінде 0,8%-ға 45,0 трлн теңгеге дейін азайды (2024 жылдың басынан бері 1,0%-ға немесе 450 млрд теңгеге өсу).
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2024 жылғы сәуірде негізінен шетел валютасындағы депозиттердің 2,9%-ға 7,7 трлн теңгеге дейін азаюы нәтижесінде, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы аясында қайта бағалау нәтижесінде 0,5%-ға 34,3 трлн теңгеге дейін азайды. Ұлттық валютадағы депозиттер 2024 жылғы сәуірде 0,1%-ға 26,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша долларландыру деңгейі 22,4%-ды құрады (2024 жылдың басында – 23,2%).
Заңды тұлғалардың депозиттері 2024 жылғы сәуірде 2,2%-ға 15,4 трлн теңгеге дейін азайды, ол азаю негізінен банктердің бірінің 2015 жылы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-тың депозиті түрінде алынған, 182 млрд теңге сомасындағы мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын қайтаруы нәтижесінде орын алды. Жеке тұлғалардың депозиттері 0,9%-ға 18,9 трлн теңгеге дейін өсті.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2024 жылғы сәуірде 13,7%-ды (2024 жылғы наурызда – 13,6%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,7%-ды құрады (2024 жылғы наурызда – 13,8%).