Банктерде ақша бар ма? Үкімет халықты үрейленбеуге шақырады

Интернетте теріс сыртқы макроэкономикалық жағдайларға байланысты туындайтын проблемалар туралы хабарламалардың жиілеуіне байланысты Үкімет мынаны хабарлайды.

Қаржы нарығының орнықтылығын және теңгелік депозиттердің тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, мемлекеттік бюджет есебінен халықтың депозиттері бойынша сыйлықақы есептеуді көздейтін Теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын әзірледі.

Екінші деңгейдегі банктерде 2022 жылғы 12 наурыздағы жағдай бойынша шамамен 15,3 трлн. теңге немесе активтердің 40% құрайтын өтімділігі жоғары активтердің біршама қоры бар.

Еркін өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне уақтылы және толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Банктердің өтімділік бойынша пруденциялық нормативтері реттеушінің ең төменгі талаптарынан төрт еседен астам артық.
Заңда белгіленген шекте жеке тұлғалардың депозиттеріне мемлекет кепілдік береді. Ағымдағы жылғы қаңтарда халықтың теңгелік жинақ депозиттері бойынша кепілдік сомасы 20 млн. теңгеге дейін, сондай-ақ түрлері мен валюта бойынша әртүрлі депозиттерге кепілдік берудің ең жоғары жиынтық сомасы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ тарапынан ұлғайтылды.

Заңда белгіленген шекке сай, қазақстандықтардың иелігіндегі шоттардың 100%-ы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігінде тұр. Бұл ретте қазақстандық банктердегі депозиттік шоттардың 99,8%-ы толық көлемде кепілдікпен қорғалған.  

2022 жылы қаңтарда теңгелік жинақ салымдар бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомасы 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ бір банкте жинақ салымынан басқа депозиттердің және/немесе шетел валютасында депозитінің басқа түрі бар салымшыларға өтемақының жалпы сомасы 20 млн теңгеге дейін көбейтілді.

Теңгелік депозиттердің анағұрлым икемді түрлері, атап айтқанда, мерзімді және мерзімсіз салымдар, ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшалар, сондай-ақ шартты салымдар мен талап етілмелі салымдар бойынша 10 миллион теңгеге дейін кепілдік берілген.

Шетел валютасындағы депозиттердің кез келген түрі бойынша кепілдік берілген максималды өтем сомасы – валюта баламасында 5 миллион теңге.

Бірнеше банкте орналасқан депозиттер жеке-жеке кепілдендіріледі. Бір банкте депозиттердің бірнеше түрі мен валютасы бар, соның ішінде теңгедегі жинақ салымы бар ірі салымшылар үшін Қордың жалпы ең жоғары кепілдігі (депозиттің әрбір түрі үшін жеке белгіленген кепілдік өтемақының ең жоғары мөлшері шегінде) 20 миллион теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта екі ислам банкін есептемегенде, еліміздің депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қазақстандық екінші деңгейлі 20 банк кіреді.

ҚДКБҚ өтем төлеу үшін арнайы резервін үнемі толықтырып отырады және кез келген сәтте өзіне міндеттемелер қабылдауға дайын. Бүгінде ҚДКБҚ-ның арнайы резервінде оның жарғылық капиталының 70%-ын қоса есептегенде (ол өтем төлеуге пайдаланылуы мүмкін) 856 миллиард теңге жинақталған. Жинақталған резервтің көлемі жеке тұлғалардың депозиттік базасының шамамен 7%-ын құрайды. Бұл заңнамада көзделген 5%-дық деңгейден жоғары.

Осылайша қазақстандықтардың жинақ ақшалары заңнамада белгіленген кепілдік берілген өтем сомасы деңгейінде толық қорғалған.

Бұдан басқа, бағаның өсуін тежеу мақсатында Үкімет Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда.

Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және орта мерзімді сипаттағы іс-шаралардан тұрады.

Жалпы, Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жағдайды бақылауда ұстауда. Бұл үшін күн сайын Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб отырыстары өткізіледі. Оның шеңберінде экономикалық жағдайдың дамуының әртүрлі сценарийлері бойынша шешімдер пысықталады.

Халықты үрейленбеуге және ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге шақырамыз.
Арандатушылық сипаттағы анық емес және жалған ақпарат таратқаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілік көзделгенін атап өтеміз.