Қаржы министрлігі жеке және заңды тұлғалардың банк шоттары, ақшаның қозғалысы және кәсіпкерлік қызмет белгілері бар операциялар туралы деректерді Қаржы мониторингі комитетіне ұсынудың жаңа нысандарын бекітті. Қазақстан банктері мемлекеттік кірістер органдарына ақпарат беру бойынша жаңартылған ережелермен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді.
Қаржы министрі Мәди Такиев қол қойған бұйрыққа сәйкес, қаржы институттары деректерді электрондық түрде және (немесе) қағаз жеткізгіште беруге тиіс.
Қаржы министрлігінің бұйрығы банктер мемлекеттік органдарға ұсынуға міндетті мәліметтердің толық тізбесін белгілейді. Осылайша, төмендегі нысандар бекітілді:
- банк шоттарының бар екені, олардың нөмірлері және сол шоттардағы ақша қалдықтары туралы мәліметтер нысаны;
- банк шоттарының бар екені, олардың нөмірлері, ақша қалдықтары және ақша қозғалысы туралы мәліметтер нысаны;
- активтер мен міндеттемелер, кірістер мен мүлік туралы декларация тапсыру міндеті туындаған жеке тұлғаға берілген кредиттер туралы, өтеу сомаларын (сыйақыны қоса алғанда) көрсете отырып, мәліметтер нысаны;
- тауарларды электрондық саудалау жүргізетін салық төлеушілердің банк шоттары, олардың нөмірлері, сол шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы туралы мәліметтерді мемлекеттік кірістер органына ұсыну қағидалары мен мерзімдері;
- жеке тұлғаның банк шоттарында жүргізілген операцияларды кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар операциялар қатарына жатқызу критерийлері;
- жеке тұлғаның банк шотында кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері анықталған басқа жеке тұлғалардан түскен ақша қаражатының жиынтық сомасы туралы мәліметтер нысаны;
- екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банк операцияларын жүзеге асыратын ұйымдардың жеке тұлғаның банк шотына басқа жеке тұлғалардан түскен, кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар операциялар анықталған ақша қаражатының жиынтық сомасы туралы мәліметтерді ұсыну тізбесі мен қағидалары.
«Банк ұйымдары тізімде көрсетілген тұлғаларға қатысты мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдарына есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады», — делінген құжатта.
Сонымен қатар қаржы институттары жеке тұлғалардың банк шоттарында кәсіпкерлік қызметтен табыс алу белгілері бар операциялар анықталған жағдайда ақпаратты тоқсан сайын, есепті кезеңнен кейінгі айдың 15-інен кешіктірмей жіберуге тиіс.
Мемлекеттік кірістер органдарына мәліметтер қазақ және (немесе) орыс тілдерінде Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Smart Data Finance» («SDF») ақпараттық жүйесі арқылы жолданады. Егер «SDF» жүйесінде техникалық ақаулар немесе қателер болса, банктер бес жұмыс күні ішінде мәліметтерді CD-диск арқылы ілеспе хатпен тапсыра алады. «SDF» жүйесіндегі техникалық ақаулар туралы ақпарат Мемлекеттік кірістер комитеті сайтында баспасөз релизін жариялау арқылы расталады.