Банк секторының жиынтық активтері негізінен несие портфелінің 3,5%-ға және басқа банктерде орналастырылған салымдардың 19,2%-ға өсуі есебінен қыркүйекте 1,3%-ға ұлғайып, 35,56 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бастап жиынтық активтер 14,1% өсті, деп хабарлайды Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Екінші деңгейдегі банктердің шамамен 12,16 трлн теңгені немесе активтердің 34,2%-ын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Өтімділік қоры банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы негізінен 25,1 трлн теңгені немесе банктердің жиынтық міндеттемелерінің 80,4%-ын құрайтын депозиттік портфельмен ұсынылған. 2021 жылдың басынан бастап банктер міндеттемелерінің өсуі 16,3%-ды құрады.
Айналысқа шығарылған бағалы қағаздар және басқа банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар сияқты өзге де міндеттемелердің үлесі тиісінше 5,1%-ды және 2%-ды құрады.
01.10.2021 жылғы жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар: негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 20,3%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті – 25%, бұл жүйе бойынша орташа алғанда белгіленген ең төменгі талаптардан айтарлықтай асып түседі.
2021 жылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы «АТФБанк» АҚ-тың «Jusan Bank» АҚ-қа қосылуы нәтижесінде 12,1 млрд теңгеге төмендеді және 01.10.2021 жылы 924,9 млрд теңгені құрады.
Банк активтерінің рентабельділігі (ROA) 01.10.2021 жылға 3,23%-ды (01.10.2020 жылға – 3,44%), капитал рентабельділігі (ROE) – 26,08%-ды (01.10.2020 жылға – 26,19%) құрады.
Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 2021 жылғы қыркүйекте 3,1%-ға ұлғайып, 16,96 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсімі 2021 жылдың басынан бері 16%-ды құрады.
2021 жылғы қыркүйекте ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 3,2%-ға 15,03 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 2%-ға, жеке тұлғаларға - 3,9%-ға ұлғайды.
Салалық бөліністе банктердің экономикаға кредиттерінің барынша көп сомасы мынадай салаларға тиесілі: байланыс – 13%, құрылыс – 9,7%, сауда – 9,3% және өнеркәсіп – 2,7%.
Халыққа ипотекалық кредиттеу көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 3,8%-ға ұлғайды және 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 2,91 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2021 жылдың басынан бастап 22,6%-ды құрады.
Азаматтардың тұтынушылық мақсаттарына арналған кредиттер 2021 жылғы қыркүйекте 3,7%-ға 5,63 трлн теңгеге дейін өсті. 2021 жылдың басынан бастап тұтынушылық қарыздар 28,3%-ға өсті.
01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың үлесі 01.01.2021 жылғы жағдай бойынша 6,9%-дан төмендеп, банктердің несие портфелінің жалпы көлемінде 4,3%-ды құрады. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарды провизиялармен өтеу деңгейі 75,2%-ды құрады.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 3,3% ға ұлғайып, 25,87 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бастап бұл көрсеткіштің өсуі 17,1%-ды құрады.
Заңды тұлғалардың депозиттері 2021 жылғы тамызбен салыстырғанда 5,8%-ға 13,49 трлн теңгеге дейін ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 0,7%-ға 12,37 трлн теңгеге дейін ұлғайды. 2021 жылдың басынан заңды тұлғалардың депозиттері 19,4%-ға, жеке тұлғалардың депозиттері 14,6%-ға өсті.