2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, банк секторының активтері ағымдағы жылғы шілдеде негізінен өтімді активтердің 2,7% төмендеуі нәтижесінде 0,04% немесе 20 млрд теңгеге азайып, 46,6 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бері 4,5% немесе 2,0 трлн теңгеге өсті).
Өтімділігі жоғары активтер 14,0 трлн теңгені немесе активтердің 30,0%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
2023 жылғы шілдеде екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 1,9%, 24,9 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 9,0% ұлғайды).
Ұлттық валютадағы кредиттер 2,2%, 23,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды, теңгенің АҚШ долларына қатысты 1,4% нығаюы аясындағы валюталық қайта бағалау нәтижесінде шетел валютасындағы кредиттер 2,2%, 1,7 трлн теңгеге дейін төмендеді.
Заңды тұлғаларға берілген кредиттер үлкен көлемде өтеу есебінен ірі бизнес субъектілеріне кредиттердің азаюы нәтижесінде 2023 жылғы шілдеде 1,7%, 8,6 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылдың басынан бері 0,4% төмендеді). Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы шілдеде 1,1%, 9,9 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылдың басынан бері 2,9%-ға өскен). ШОБ субъектілеріне қарыздар 0,02%, 6,4 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылдың басынан бері 6,9% өскен), ірі бизнеске берілген қарыздар 3,0%, 3,5 трлн теңгеге дейін азайды (2023 жылдың басынан бері 3,7% төмендеген).
2023 жылғы шілдеде бизнес субъектілеріне 1 073 млрд теңге сомаға жаңа қарыз берілді. Биыл 7 айда бизнес субъектілеріне 7 908 млрд теңге қарыз берілген, бұл 2022 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 15,7% артық.
Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық қарыздардың 5,9%, 9,0 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2023 жылғы шілдеде 3,9% ұлғайып, 16,2 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан 14,7% өсті).
Кредиттік портфельдің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыздар (NPL 90+) деңгейі несие портфелінің 3,4%-ын немесе 889 млрд теңгені (2023 жылғы 1 қаңтарда – 3,4% немесе 815 млрд теңге) құрады.
ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 2,9%-ды немесе 321 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,8%-ды немесе 568 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 72,9%-ды құрайды (01.01.2023ж. – 76,9%).