Қазақстандықтар үшін несие алу қиындап барады. Мәселе пайыздық мөлшерлемеде емес, қаржы институттары өтініштерді жиі қабылдамай тастайтын болған. Бұған Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жүргізген 2022 жылдың төртінші тоқсанындағы банктерге жүргізген сауалнамасының нәтижелері дәлел.
Ипотекалық несие алуға өтінімдердің жалпы санынан 29,7 пайызы ғана мақұлданды. Бұл кем дегенде екі жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Ең жоғары көрсеткіш 2021 жылдың екінші және үшінші тоқсанында – 77,7% болды. Шын мәнінде, содан бері үздіксіз төмендей бастады. Яғни, салыстырмалы түрде жақында ғана 10 өтінштің 8-і мақұлданса, қазір 3-еуі ғана мақұлданады.
2022 жылдың екінші тоқсанынан бастап кепілдікпен несие өтініштерінің де мақұлданғандарының үлесі азаюда. Содан бері көрсеткіш 11 пайыздық тармаққа төмендеп, 57,8%-ға жетті. Алайда, егер оны 2021 жылдың төртінші тоқсанындағы деңгеймен салыстыратын болсақ, динамика, керісінше, оң болады (+10,4 п.т.).
Кепілсіз тұтынушылық несие алу тіпті қиындай түсті. Банктер өтініштердің жалпы санының 34,4%-ын мақұлдады, бұл үш ай бұрынғыдан 3,3 пайыздық тармаққа аз.
Автонесие өтінімдерінің ғана мақұлдау көрсеткіші өскен. Қатарынан төрт тоқсан бойы көбейіп келеді. Алайда, жыл басынан бері көрсеткіш 3,3 пайыздық тармаққа өскеніне қарамастан, әлі де төмен – 12,6%-ды құрап отыр. Яғни, автонесиенің қолжетімді бола бастады деу әлі ерте.
Есесіне бизнестің несие алуы оңайлады. Бұл негізінен ірі бизнеске қатысты. Одан келіп түскен мақұлданған өтініштердің үлесі екі жылдағы ең жоғары көрсеткішті құрады – 73,5%. Сонымен қатар, 2022 жылдың бірінші тоқсанынан бастап көрсеткіштің үздіксіз өсуі байқалды. Содан бері ол бірден 28,9 пайыздық тармаққа өсті.
Орта бизнес үшін жағдай мүлде басқаша. 2022 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда оның өтініштерін қанағаттандыру пайызы 2,7 пайыздық тармаққа өсіп, 50,9%-ға жетті. Рас, осыған дейін бес тоқсан қатарынан төмендеу болды.
Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін несие ресурстарының қолжетімділігі үш айда 3,8 пайыздық тармаққа төмендеп, 38,7%-ды құрады. Дегенмен, бұл екі жылдық орташа тоқсандық көрсеткіштен әлі де жоғары (38,4%).
Басқаша айтқанда, бизнес неғұрлым үлкен болса, несие өтінімін мақұлдау ықтималдығы соғұрлым жоғары болады.