Қазақстанда интернет-алаяқтықпен күресті күшейту мақсатында жаңа қылмыстық норма күшіне енді. 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске енгізілген 232-1-бап банк картасын немесе шотты үшінші тұлғаға беруді қылмыстық жауапкершілікке жатқызады.
Дропперлік деген не?
Дропперлік – бұл банк шоты, төлем құралы немесе сәйкестендіру деректерін заңсыз беру, сатып алу немесе пайдалану. Мұндай әрекет көбіне алаяқтар ұрланған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланады.
Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, дропперлер алаяқтар мен ұрланған қаржы арасында делдалға айналады. Олар ақшаны басқа шоттарға бағыттап, заңсыз операциялардың жүзеге асуына жағдай жасайды.
Қандай жаза қарастырылған?
Жаңа бапқа сәйкес, жаза құқық бұзушылықтың сипатына байланысты өзгереді. Ол айыппұл салудан бастап, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейін барады. Сонымен қатар заң мүлікті тәркілеуді де қарастырады.