Қаржылық сауатты бала кезден қалыптастыру қажет. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Jusan bank «Тиыннан теңге құрайтын бала» атты кітабын таныстырды. Еңбек әлемге әйгілі The Opposite of Spoiled: Raising Kids Who Are Financially Smart and Responsible бастселлерінің аудармасы. Туындының қазақ тіліндегі нұсқасын Jusan Bank Steppe and World баспасымен бірлесе жарыққа шығарды. Қаржыны басқару туралы сапалы ақпарат алу арқылы мемлекеттік тіл де насихатталмақ, дейді жоба авторлары.


«Балалардың қаржылық басқару дағдысын дамыту – ұлттық экономиканың өркендеуі мен жалпы елдің әл-ауқаты үшін маңызды. Бүлдіршіндеріміз өз ресурстарын тиімді басқаруды үйренсе, қаржылық қиындықтарға төтеп бере алады. Осы қасиеттерін дамытса, ел болашағын қалыптастыруға қауқары жететін, өзіне сенімді ересектер болып өсері сөзсіз. Бұл біздің Қазақстандағы қаржылық сауатты дамытуға қосқан үлесіміздің бір бөлшегі. Тираждың көп бөлігін мектептер мен банк филиалдары арқылы халыққа тегін таратпақпыз», – дейді «Jusan Bank» АҚ Басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов.

Америкалық бестселлердің негізгі авторы – Рон Либер. Ол осы шығарма арқылы балаларды ақшаны мақсатты жұмсаудың алғышарттарымен таныстырады. Қаржының адам және отбасы өміріндегі маңызына тоқталады. Кітаптың басты идеясы – ақшаны тұтыну құралы ғана емес, балалардың мінезі мен құндылықтарын қалыптастыру тетігі ретінде қарастырады. Сонымен қатар, осы тақырып төңірегінде  ата-аналарды балаларымен ашық сөйлесуге шақырады. Тіпті, оларды қаржылық талқыға қатыстыруға үндейді.


Тың туынды қарапайым тілде түсінікті етіп аударылған. Тартымдылығы да сол. Бұған қоса, баланы оқыту арқылы ата-ананың өзі де қаржылық сауат пен инвестициялаудың қыр-сырын меңгереді. Осы ретте, қаржы ұйымының басқарма төрағасы «Қазақстандықтардың қаржылық білімін арттыру – басты міндетіміз» деген пікірге тоқталды. 

«Jusan цифрлық экожүйесінің бөлігі, біздің еншілес компаниямыз Jusan Invest Қазақстан халқының қаржылық сауаттылығын арттыруға үлкен үлес қосып жүр. Мысалы, біз 13 жастан асқан балаларға қосымшамызға инвестиция салу мүмкіндігін береміз. Сонымен қатар, Jusan Academy платформасында тегін білім беріп, қазақ және орыс тілдеріндегі онлайн сабақтарды ұсынамыз. Одан бөлек банк балалар мен ата-аналар үшін тосынсый ретінде – нарықтағы ерекше өнім Jusan Family картасын дайындап жатыр. Бұл карта ересектерге ұл-қыздарының ақшасы мен шығындарын тиімді әрі қауіпсіз түрде бақылап, олардың қаржы сауатын қалыптастыру мүмкіндігін сыйласа, балалар қызықты әрі ынталандыратын, дизайны жарқын картаға ие болады», – деп түсіндірді Нұрдәулет Айдосов.

«Тиыннан теңге құрайтын бала» еңбегінде «қайырымдылық» түсінігі де кеңінен қамтылған. Яғни, мұқтаж жандарға жәрдемдесу ұғымы түсіндіріледі. Осы арқылы өскелең ұрпаққа  жомарттық пен қоғамдық сана құндылықтарын сіңіруге көмектеседі.


«Кітап оқырманға ұсынылған ұғымдарды тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін нақты мысал мен отбасылық оқиғаларға толы. Ақша және оның өмірге деген әсері туралы ойымызды өзгертуге септігін тигізер нұсқаулық болары сөзсіз. Әзірге екі мың дана тиражбен шығарылды. Келешекте халық тарапынан қызығушылық артса, санын көбейтеміз деген ойдамыз», – дейді Jusan Invest басқарма төрағасы Максим Кабанов.

Кітапты аударып, оны басып шығарумен қазақ тілінде әлемдік бестселлерлердің тұтас сериясын шығарған The Steppe and World командасы айналысты. Басылым редакторы – Назгүл Қожабек, ағылшын тілінен Динара Мәзен аударды. 

«Біз Jusan-ға қазақстандықтармен ана тілімізде тамаша кітаптар мен біліммен бөлісу мүмкіндігін сыйлағаны үшін алғыс айтамыз. Бір өкініштісі, қазір қазақ тіліне аударылып жатқан, оның үстіне сапалы әрі пайдалы кітаптар саусақпен санарлық. Бұл жобаның біздің басылым үшін де әлеуметтік маңызы бар», – дейді The Steppe and World баспасының негізін қалаушы Раиса Қадыр.


Фото: Роман Либерчук