Бәйтерек холдингі 2022 жылы 350 миллиард теңге таза рекордтық пайда тапты. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен бес есе және 2021 жылғы нәтижеден үш есе көп. Бұл туралы холдинг басшысы президентке есеп бергенде айтты.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша құны 685 миллиард теңге болатын 238 ірі жоба мен лизингтік мәмілелер қаржыландырылды. Шағын және орта бизнесті қолдау аясында сомасы шамамен 1,5 триллион теңгені құрайтын 50,5 мың жобаға субсидия берілді.
Басқарма төрағасының мәліметіне сәйкес агроөнеркәсіп кешені субъектілеріне жоспарланған 432 миллиард теңгенің орнына 522 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Сонымен қатар Қанат Шарлапаев халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету аясында жалпы құны шамамен 1,4 триллион теңге жеңілдетілген ипотекалық қарыз берілгені, құны 211,8 миллиард теңгені құрайтын үлестік құрылысқа кепілдік жасалғаны, кредиттік тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін әкімдіктерге 176,4 миллиард теңге бөлінгені туралы баяндады. Осылайша, қолдау шараларының нәтижесінде 2,2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, ипотекалық кредит беру есебінен 79 865 отбасы тұрмыстық жағдайын жақсартты.
Мемлекет басшысы бизнесті одан әрі қолдаудың маңыздылығына баса назар аударды. Сондай-ақ еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға «Бәйтерек» холдингінің белсенді атсалысуы қажет екенін айтты.