Мәжіліс екінші оқылымда еңбек жағдайларының қауіпсіздігін жетілдіру, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады.

Құжатта еңбек қызметінің ең болмағанда бір белгісі болған жағдайда, жеке тұлғамен азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт жасасуға тыйым салу қарастырылған.

Ұжымдық шарттың мазмұны тиісті мамандық пен лауазым бойынша жалақының максималды және минималды мөлшерлерінің рұқсат етілген арақатынасы туралы міндетті шарттармен толықтырылады. Сондай-ақ, оған жәрдемақылар мен өтемақылар, соның ішінде еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар кезіндегі төлемдер туралы ережелер енгізіледі. Ал денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органға өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесін анықтау ережелерін бекіту құзыреті беріледі.

Келісу комиссиясының жұмысына делдалды тарту және оның қатысу тәртібін реттейтін нормалар толықтырылады. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманның ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынуы бекітіледі, бұл қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін басшыға тікелей жауапкершілік жүктейді.

Айта кетсек, 2026 жылы қазақстандықтар азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істей алатынын, бірақ талаптар айтарлықтай қатаңдайтынын хабарлаған едік.