2025 жылы Қазақстанда автонесиелеу бөлшек несиелеудің негізгі драйверлерінің бірі ретінде қалыптасты. Сегмент негізгі көрсеткіштер бойынша екі таңбалы өсім көрсетіп, нарықтағы рөлін айтарлықтай күшейтті, деп жазады Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары.
Жыл қорытындысы бойынша, жаңа автонесиелер беру көлемі 29,8% өсіп, ₸2,4 трлн-ге жетті (2024 жылы — ₸1,8 трлн). Осылайша, бұл сегмент алғаш рет ипотекалық несиелеу нарығымен тең деңгейге шықты.
Өсімнің негізгі факторлары ретінде төмен базалық әсер, автопаркті жаңартуға деген жоғары әрі ұзақ уақыт жиналған сұраныс, банктер мен автодилерлердің бірлескен бағдарламаларының белсенді ілгерілеуі, өнім желісінің кеңеюі, халық табысының артуы және маркетингтік акциялар аясында пайыздық мөлшерлемелердің уақытша төмендеуі аталады. Сонымен қатар, қарыз жүктемесін есептеудегі талаптардың жеңілдеуі де нарыққа қосымша серпін берді.
Жоғары несиелік белсенділік аясында автонесиелеудің бөлшек нарықтағы үлесі айтарлықтай артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жаңа несиелер құрылымындағы үлесі 9,4%-дан 13,2%-ға дейін өссе, жалпы бөлшек несие портфеліндегі үлесі 13,7%-дан 16,2%-ға дейін ұлғайды.
Сонымен қатар, автокөліктерді несие арқылы сатып алу үлесі де күрт өсті — жыл ішінде тіркелген көліктердің 53–80%-ы заем қаражаты есебінен алынған. Бұл автонесиенің нарықтағы маңызын арттырып қана қоймай, автомобильдің тек тұтыну тауары емес, табыс көзі ретінде де қарастырыла бастағанын көрсетеді.
Несиелеу көлемінің және портфельдің жылдық өсімі (+42%) тәуекел көрсеткіштерінің айтарлықтай нашарлауымен қатар жүрген жоқ. Керісінше, мерзімі өткен берешек үлесі 2,8%-дан 2,7%-ға дейін төмендеп, бөлшек сегмент бойынша орташа деңгейден (4,0%) төмен деңгейде сақталды. Бұл автонесиелердің кепілмен қамтамасыз етілуі және қарыз алушыларды іріктеу талаптарының қатаң болуымен түсіндіріледі.
Дегенмен, өтінімдерді мақұлдау деңгейінің жалпы нарықпен салыстырғанда төмен болуы банктердің консервативті несие саясатын ұстанып отырғанын және жүйедегі артық тәуекелдердің жиналуын шектейтінін көрсетеді.
Сегменттің дамуына өндірістік фактор да ықпал етті. 2025 жылы Қазақстанда автокөлік өндірісі 18% өсіп, 171,4 мыңға жетті (2024 жылы — 145,3 мың). Алайда ішкі сұраныстың жоғары болуына байланысты бұл көлем әлі де жеткіліксіз, сондықтан импорттың рөлі сақталып отыр.
Жылдың екінші жартысынан бастап нарықта қанығу белгілері байқала бастады. Автонесиелер бойынша мөлшерлемелердің 14,6%-дан 22,9%-ға дейін өсуі (қаржыландыру құнының қымбаттауы және маркетингтік бағдарламалардың аяқталуы салдарынан) жаңа несиелер беру қарқынының баяулауына алып келді. Мәселен, төртінші тоқсанда жаңа несиелер көлемі 11,6% қысқарды.
Бұл үрдіс нарықтың жедел өсім фазасынан неғұрлым тұрақты даму кезеңіне өткенін көрсетеді. Төмен базалық әсердің әлсіреуі, кейінге қалдырылған сұраныстың біртіндеп қанағаттандырылуы және реттеуші әрі монетарлық шарттардың қатаюы нарық динамикасын тежей бастады.
Қорытынды
2025 жылдың қорытындысы бойынша автонесиелеу Қазақстандағы бөлшек несиелеудің маңызды сегменттерінің біріне айналды. Жаңа несиелер көлемі ₸2,4 трлн-ға жетіп, бұл елдің ЖІӨ-нің шамамен 1,5%-на теңесті және ипотекалық нарықпен деңгейлес болды.
Сегмент жоғары өсім қарқынын сақтай отырып, несие портфелінің сапасын айтарлықтай нашарлатпай дамыды. Бұл банктердің тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін және нарықтың салыстырмалы түрде теңгерімді екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, нарықтың даму сипаты өзгеріп келеді. Жедел өсім кезеңінің орнына тұрақты әрі іргелі факторларға тәуелді кезең қалыптасуда. Алдағы уақытта сегмент динамикасы халықтың төлем қабілеттілігіне, қарыз құнына, автокөлік бағасына және нарықтың қанығу деңгейіне көбірек тәуелді болады.
Осыған байланысты автонесиелеу нарығында өсім қарқынының біртіндеп баяулауы мүмкін. Алайда оның бөлшек несиелеу жүйесіндегі маңызы сақталып, экономиканың маңызды құрамдас бөлігі ретінде қала береді.