Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру бағдарламаларын одан әрі жалғастырады. 

Жеке тұлғаларға жеңіл автокөлік сатып алу бойынша лизинг тетігі енгізіледі. Бұл азаматтардың автокөлік сатып алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Одан бөлек, «Бәйтерек» холдингіне қысқа мерзімде шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шаралары бойынша ұсыныстар беру тапсырылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет жүргізіп отырған реформалар еліміздің ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсуін қамтамасыз етуге, экономикада базалық нарықтық қағидаттарды терең орнықтыруға бағытталғанын атап өтті. Бұл ретте Үкімет Мемлекет басшысының әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру қажеттігі туралы нұсқауларын, экономикалық дамудың негізгі көрсеткіші ретінде қарастыра отырып, қатаң ұстанады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет ағымдағы экономикалық реформалар шеңберінде бірқатар шара дайындады. Олардың бірі – Отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер халықтың жеңіл автокөлік сатып алуын қаржыландыру жөніндегі бағдарламаларын одан әрі жалғастыру, бұдан бөлек халықаралық тәжірибеге сәйкес, жеке тұлғалар үшін жеңіл автокөлік сатып алуға лизинг тетігі енгізілуде. Лизинг – автокөлікті меншікке сатып алу құқығы мен ұзақ мерзімді жалдау. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын жақсартуға және азаматтардың автокөлік сатып алу  мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Айта кетсек, Үкімет макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың теріс салдарын барынша азайту бағытында шаралар қабылдап жатыр. Премьер-министр Үкімет мүшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдар басшыларының қатысуымен мемлекет басшысының азаматтар мүддесі үшін экономикалық реформалар бағдарламасын жүзеге асыруды ретке келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді. 

17 қазанда президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Тоқаевтың Премьер-министр Олжас Бектеновке осы аптаның соңына дейін азаматтардың мүддесін ескере отырып, Үкіметтің экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру үдерісін реттеуге қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырғанын айтты. Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер енгізіп, қажетті шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің экономикалық саясатының негізгі параметрлері Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді, сонымен қатар онда жаһандық конъюнктура мен қазіргі нарықтық үрдістер ескерілген деп санайды», – деп жазған еді Руслан Желдібай.