Ашық үкімет порталында ауылда, кентте, ауылдық округте жұмыскерлерге тұрғынжай салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы талқылау болып жатыр.
Бастама Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 729 қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі жоспар кестенің 12-іс-шарасының 2-міндетіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметінің Қаулысы негізінде қол алынды.
"Субсидиялау тетігін енгізу жұмыс берушілердің ауылда тұрғын үй салу жөніндегі шығыстарының бір бөлігін барынша азайтуға мүмкіндік береді, бұл оларды ауылдық жерлерде өз қызметкерлері үшін үй салуға ынталандыратын болады. Тұрғын үй салу халықтың ауылдық жерлерде тұруға мүдделілігін арттырады және оның қалаларға кетуіне кедергі келтіреді", делінген құжатта.
Қағидаларға сәйкес, субсидиялауға жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын және құны 1 шаршы метр 100 мың теңгеден аспайтын пайдалануға берілген тұрғын үй құнының 50% - ынан аспайтын мөлшердегі шығындар жатады.
Жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне тұрғын үйді олардың арасында 5 жылдық мерзімге жасалған еңбек шарты болған кезде ұсынады. Осы мерзім өткеннен кейін жұмыс беруші заңнамада белгіленген тәртіппен үйді сату арқылы оны республикалық бюджеттен төленген субсидия сомасы есепке алынбай, баға бойынша қызметкердің меншігіне сатуға құқылы.
Жұмыскерлерге ауылда тұрғын үй салған жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялауға бюджеттен қаражат бөлу 2022 жылы жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Үкімет ауылдық жерлерге баспана салатынын хабарлаған едік.