Мәскеуде өткен Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы 25-ші Үкіметаралық комиссия отырысында екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Қазақстанның үкіметтік делегациясын Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Ресей тарапын Ресей Федерациясы Премьер-министрінің орынбасары Алексей Оверчук басқарды.
Тараптар транспорттық-логистика саласында ынтымақтастықты белсенді түрде дамытуда. 2024 жылдағы 9 айдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Ресей темір жолдары бірлескен жұмысының нәтижесінде, контейнерлердің Ресейден Қазақстан арқылы Қытайға тасымалдау көлемі 63%-ға, ал Ресей мен Қазақстан аумағы арқылы «Қытай – Еуропа – Қытай» бағытындағы тасымалдар 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 65%-ға артты. Аталған отырыста тараптар контейнерлік пойыздардың «Қытай – Қазақстан – Ресей» бағыты бойынша жүк ағынын арттыру үшін Селятино стансасына жақын жерден транспорт инфрақұрылымын салу мәселесін пысықтауға келісім жасады. Бұл стансада биыл сәуір айында Сиань (Қытай) – Достық/Алтынкөл (Қазақстан) – Селятино (Ресей) маршруты бойынша жүк тасымалдауды барынша тиімді жүзеге асыруға бағытталған CRK Terminal заманауи транспорттық-логистика орталығын құру жобасы іске қосылды. Бұл орталық халықаралық транспорт дәліздерінің дамуына маңызды үлес қосып, Қазақстан арқылы транзиттік тасымалдардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
Үкіметаралық комиссия отырысы барысында Қазақстан тарапы Ресей жағынан отандық карантинге жатқызылған өнімдер импортына шектеулер енгізу мәселесін көтерді. Тараптар жағдайды шешу жолдарын жедел әзірлеу үшін уәкілетті мемлекеттік органдар арасында екіжақты консультациялар өткізуге келісті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, өнеркәсіп, энергетика, транспорт, қаржы, мәдениет, ғылым, білім және туризм салаларындағы нәтижелері де қаралды.
2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы $17,2 млрд-ты құрады.