Қазақстанда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына салынған инвестиция тұрақты өсіп келеді. 2021 жылдың алғашқы тоғыз айынлда салаға салынған инвестиция өткен жылғымен салыстырғанда 46,3% өсіп 603,4 млрд теңгеге жетті. Өткен жылы көрсеткіш 412,5 млрд теңге болған еді.
Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығына құйылған қаражат орташа есеппен жылына 24,3% өсіп келеді. Сонымен қатар жалпы инвестция ішінде ауыл шаруашылығына салынған қаражаттың да үлесі тұрақты артуда. Бес жыл бұрын ауыл шаруашылығына салынған ақша жалпы инвестицияның 3,6%-ын құраса, қазір оның үлесі 6,1%.
Алайда әлі де болса ауыл шаруашылығына салынып жатқан қаражаттың айтарлықтай бөлігі бизнестің немесе банктің қаражаты емес, мемлекеттің берген жеңілдетілген несиесі.
Ауыл шаруашылығын қаржыландырушы мемлекеттік Аграрлық несие корпорациясының 2020 жылғы несие портфелі 25% өсіп 449,2 млрд теңгені құрады. Соның ішінде 65%-ы ауылдағы шағын және орта бизнесті қаржыландыруға берілген.
Ал ірі жобалардан корпорация 2020 жылы жалпы құны 45,7 млрд теңгелік 75 инвестициялық жобаны қаржыландырған. Ал 2017–2020 жылдар аралығында корпорация жалпы құны годы 262,5 млрд теңге болатын 276 инвестициялық жобаға қаражат бөлді.
Берілген қаражаттың 70 млрд теңгесі, яғни 27,8%-ы көктемгі егістік жұмыстары мен орақ науқанына, 89,5 млрд теңге техника алу, мал алу мен басқа да қажеттіліктерге берілді. Сүтті тауар фермаларына 19,5 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына 21,4 млрд тг (жылыжай салу) берілді.