2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыс күшінің саны 7,1 мың адамға немесе 0,1% - ға көбейді және 9,3 миллионға жетті. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда жұмыс күшінің 37 мың адамға немесе 0,4%-ға көбейгенін байқауға болады. Жұмыспен қамтылғандар саны бір жылда 35,2 мың адамға ұлғайды. Сонымен қатар тоқсандық және жылдық динамикада жұмыспен қамтудың негізгі өсуі негізінен жалдамалы жұмыскерлер санының өсуімен байланысты.
«Тоқсан ішінде жалдамалы жұмыскерлердің саны 16,4 мыңға (+0,2%) артып, 6 млн 773,5 мың адамға жетті. Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны керісінше 12,1 мыңға (-0,6%) қысқарды (2 млн 82,8 мың адам). Жылдық динамикада жалдамалы қызметкерлер санының абсолюттік өсімі (4,4 мың) өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың өсімінен 7 есе асып түсті – 30,8 мың адам. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар санының қысқаруы нәтижелі өзін-өзі жұмыспен қамтудың 11 мың адамға (-0,6%), сондай-ақ өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтудың 1,1 мың адамға (-0,6%) төмендеуі есебінен болды», – деді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Басқарушы директоры Александра Молчановская.
Салалар бөлінісінде осы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша қызметкерлердің басым бөлігі ауыл шаруашылығында (12,7%), өнеркәсіпте (12,4%), саудада (16,6%) және білім беруде (12,8%) жұмыс істейді. Жылдық кезеңде жұмыспен қамтылғандардың ең көп өсуі денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (+3%), ақпарат және байланыс (+2,9%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет (+2,6%), мемлекеттік басқару (+2,15%) салаларында байқалады. Осыған ұқсас кезеңде жұмыспен қамтудың төмендеуі ауыл шаруашылығы (-2,7%), өнер, ойын-сауық және демалыс (-2,4%), әкімшілік қызмет көрсету саласындағы қызмет (-2,1%) және жылжымайтын мүлікпен операциялар (-1,9%) саласында байқалды.
«Сонымен қатар, қашықтан жұмыс істейтін жұмыспен қамтылғандардың санын арттыру үрдісі сақталуда. Осы жылдың бірінші тоқсанында олардың саны өткен тоқсанмен салыстырғанда 2,2 есе, яғни 53,6 мың адамға дейін ұлғайды. Алайда бір жылдық кезеңде бұл көрсеткіш 27,3%-ға төмендеді, өйткені 2021 жылдың басында COVID-19 пандемиясына байланысты шектеулер әлі де болды.
«Қашықтағы» жұмыскерлердің саны бойынша Шығыс Қазақстан облысы (27,3%) және Нұр-Сұлтан қаласы (21,4%) алда келеді. Мәселен, ШҚО-да қашықтан жұмыспен қамту бір жылда 73 есе, 200 адамнан 14,6 мың адамға дейін, ал Нұр-Сұлтан қаласында 3,7 есе өсіп, 11,5 мың адамға жетті», – деді Александра Молчановская.
Сарапшы сондай-ақ орташа айлық номиналды жалақының динамикасы туралы айтып берді. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша бұл көрсеткіш 2022 жылдың бірінші тоқсанында 285,4 мың теңге болған. Бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 9,8 мың теңгеге көп.
«Тоқсандық кезеңде номиналды мән бойынша өсім Нұр-Сұлтан (-6,4%) және Алматы (-0,5%) қалаларынан, сондай-ақ Алматы облысынан (-1,9%) басқа барлық өңірде байқалды. Ең төменгі жалақы Солтүстік Қазақстан облысында төленеді – 203,4 мың теңге, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 28,8%-ға төмен.
Әдеттегідей ең көп жалақы қаржы және сақтандыру қызметі (521,1 мың теңге) және кәсіби және ғылыми қызмет (416,4 мың теңге) салаларында байқалады. Ауыл шаруашылығы мен өнер және ойын-сауық саласының қызметкерлері ең аз табыс табады», - деп хабарлады «ЕРДО» АҚ Басқарушы директоры.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздар саны 453,1 мыңнан асты. Өткен тоқсанмен салыстырғанда олардың саны 2,7 мың адамға (+0,6%), ал өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,9 мың адамға (+0,4%) артты. Гендерлік бөліністе жұмыссыз азаматтардың 54% - ы әйелдер, 46% - ы ерлер.
Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталды және соңғы жылы солай болып қала берді. Айта кету керек, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылдың аяғынан бастап 3,7% - дан 3,9% - ға дейін өсті, ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі, керісінше, 5,4% - ға дейін қысқарды.
Өңірлік бөліністе жұмыссыздық деңгейі орташа республикалық деңгейден Түркістан (5,2%) және Жамбыл облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында (5,1%) жоғары.
Бұл ретте сәуір айының басында тіркелген жұмыссыздар саны 174 мың адам немесе 1,9%-ды құрады. Сонымен қатар, жұмыссыздықтың жоғары деңгейі Маңғыстау (4,2%), Түркістан (3,9%), Қызылорда (3,7%) және Батыс Қазақстан облыстарында (3,5%) тіркеліп отыр.