ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі субсидиялау тетігін өзгертеді, деп хабарлайды ҚХА ақпараттық агенттігі .  

Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығында отандық тыңайтқыштарды алдын ала субсидиялау тетігі енгізілді. Бұл субсидиялаудың жаңа ынталандыру механизмі, онда шаруаларға арзанырақ отандық тыңайтқыштар алдын ала беріледі. Бұл тетік бойынша субсидиялау мөлшерлемесі 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайтылды. 

Суармалы сумен жабдықтау қызметтерін сатып алу бойынша шығындарды су берушілерге тікелей субсидиялар төлеу арқылы, аударылатын өтінімдер механизмі арқылы өтеуді көздейтін Сумен жабдықтау қызметінің құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде тауар өндірушілер түсетін субсидияларды күтпей-ақ, суармалы сумен жабдықтау қызметтерін арзандатылған бағамен сатып алады және субсидия алғаннан кейін су жеткізушілерге айырмашылықты төлейді. 

Несиелер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына екі жаңа тетік енгізілді: ауыл шаруашылығы субъектілеріне егін егу мен егін жинауға арналған несие шарттары бойынша бөлек субсидиялар және қаржы институттары үшін тікелей субсидиялар. Осылайша, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жылдық «таза» 5 пайызбен жеңілдетілген мөлшерлемемен несие беру қамтамасыз етілді. 

Көктемгі егіс жұмыстарын несиелендіру кезінде қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешу мақсатында шаруалар үшін несиелік келісім сомасының 85%-ын несиеге кепілдік беру тетігі қарастырылып, егіс жұмыстарын жүргізуге арналған несиелік шарттарға портфельдік кепілдік енгізілді. 

Сондай-ақ министрлік несие алушылардың субсидия алу үшін құжаттарын тапсыруынсыз «таза» жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен ауыл шаруашылығы субъектілерін несиелендіру үшін қаржы институттары үшін сыйақы мөлшерлемесін тікелей субсидиялау тетігін енгізді. Бағаны төмендету ағымдағы жылға қаржы институтын несиелеудің жалпы көлемі бойынша аванстық төлем арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бұл тетік аграрлық сектордағы даму институттары – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «ҚазАгроҚаржы» АҚ, «Даму банкі» АҚ үшін қолжетімді. 2026 жылдан бастап ол елдегі барлық қаржы институттарына таралады. Бұл тетік субсидиялау үдерісін жеңілдетіп, өндірушілерді бірден арзандатылған несиемен қамтамасыз етеді. 

Жалпы, субсидиялау тиімділігін арттыру мәселесі ҚР Парламенті мен Үкіметінің ерекше бақылауында.