Аграрлық несие корпорациясы Халық табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылдағы кәсіпкерлікті қаржыландыруды бастады. Биыл ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындарын шағын несиелендіруге барлығы 40 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді.
Жеңілдікті шағын несиелерді Қазақстанның ауылдық елді мекендері мен шағын қалаларының тұрғындары ала алады. Микрокредиттер тікелей несиелеу арқылы, сондай-ақ несие серіктестіктері мен микроқаржы ұйымдарын қаржыландыру арқылы беріледі.
Бағдарлама шарттарына сәйкес несие сомасы:
- мал шаруашылығын дамытуға – 5 млн теңгеге дейін, зәкірлік кооперацияны дамытуға – 12 млн теңгеге дейін;
- басқа ауыл шаруашылығы бағыттарына – 6 млн теңгеге дейін, зәкірлік кооперацияны дамытуға – 10 млн теңгеге дейін.
Шағын несие беру мерзімі 5 жылға дейін, мал шаруашылығы жобалары үшін 7 жылға дейін. Жеңілдік кезеңі бар – несие мерзімінің 1/3 бөлігіне дейін.
Тікелей қарыз алушылар, сондай-ақ кредиттік серіктестіктер мен микроқаржы ұйымдарының түпкілікті қарыз алушылары үшін сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 6%-дан аспайды (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан).
«Еске сала кетейік, ауыл кәсіпкерлері үйлерінен шықпай-ақ 6 млн теңгеге дейін шағын несие алуға онлайн өтініш бере алады. Бұл үшін сізге тек Интернетке кіру қажет. Шаруа ЖСН арқылы agronesie.kz платформасына кіріп, тіркеле алады, несиенің мақсатын таңдап, кепіл берушінің мәліметтерін енгізіп, өтініш бере алады. Мемлекеттік және басқа да деректер базаларымен ықпалдасу 10 минут ішінде кепілзатқа онлайн бағалау жүргізуге және несиені алдын ала мақұлдау туралы жауапты жіберуге мүмкіндік береді», - деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Төлегенов.
Соңғы бес жылда «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында корпорация арқылы ауыл кәсіпкерлері жалпы сомасы 267,3 млрд теңгені құрайтын 63,5 мың несие алған.