Көлік министрлігі әуежайларға өз аумағындағы алаңдарды жалға беруге мүмкіндік беретін жаңа ережелерді бекітті.
Бұл өзгерістер әуежай қызметіне тікелей қатысы жоқ бизнес түрлеріне қатысты болмақ. Атап айтқанда: сауда-саттық, қоғамдық тамақтану, жүкті буып-түю және басқа де ілеспе сервистер.
Енді әуежайлар әлеуетті жалға алушы белгіленген барлық талапқа сай келген жағдайда, конкурс өткізбей-ақ тікелей шарт жасасуға құқылы. Бұл конкурстар толық жойылды деген сөз емес, олар негізгі механизм болып қала береді. Бірақ енді жаңа, конкурстан тыс формат пайда болды. Тікелей келісімшартты тек мына талаптарға сай келетін компаниялар ғана жасай алады:
- Кейінгі үш жылдың кемінде екі жылында шығынсыз жұмыс істеген;
- Жеткілікті техникалық және операциялық ресурстары бар;
- Кемінде 5 жыл тәжірибесі бар кемінде үш маманы бар;
- Тәулік бойы және үздіксіз жұмыс істеуге қауқарлы;
- Мына екі санаттың біріне жататын: Қазақстан әуежайларында жұмыс тәжірибесі бар немесе Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының операторы (заң бұзушылықтары жоқ).
Егер осы шарттардың біреуі орындалмаса, әдеттегі конкурс өткізіледі.
Жаңа ережелер бойынша келісімшарттар 10 жылға дейін жасалуы мүмкін; Әрқайсысы 5 жылдан аспайтын мерзімге екі рет ұзарту мүмкіндігі бар.
Осылайша, ынтымақтастықтың максималды мерзімі 20 жылға жетуі мүмкін. Бірақ бұл тек екі тараптың келісімімен және міндеттемелер тиісті деңгейде орындалған жағдайда ғана жүзеге асады.
Түзетулер конкурс өткізу тәртібін де нақтылады:
- Қаржылық шарттардың құрылымы (бекітілген ставка, кіру жарнасы, кірістен алынатын пайыз);
- Техникалық ерекшеліктер мен инвестицияларға қойылатын талаптар;
- Өтінім беру мерзімі – 15 күнтізбелік күн (ұзарту мүмкіндігімен);
- Өтінімдерді қабылдамаудың нақты тізімі (өзге себептермен бас тартуға тыйым салынған).
Егер конкурс екі рет өтпеді деп танылса, әуежай келісімшартты бір көзден жасасуға немесе қосымша конкурс жариялауға құқылы.