Жолаушылар әуетасымалы тоқтап қалуы мүмкін, деп дабыл қағады Air Astana компаниясының корпоративті коммуникация департаменті.
Компания мәліметінше, Қазақстанда әуе жанармай өндірісі айтарлықтай азайып кеткен. Нәтижесінде компания балансындағы жанармай көлемі таусылып бара жатыр.
"Энергетика министрлігі дизель отыны өндірісін көбейту үшін қазан айында Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы әуе жанармайы өндірісі екі есе азаяды деді. Сонымен қатар қазан айында Павлодар МӨЗ-да жөндеу жұмыстары жоспарланған. Атырау МӨЗ-да да әуе жанармайын шығару тоқтады. Ал импорт тіптеп тоқтап қалды", дейді.
Сонымен қатар Air Astana мәліметінше, «ҚазМұнайГаз» ішкі нарыққа 35 мың тонна әуе керосинін шығаратынын жариялаған. Алайда әуе тасымалы тоқтамау үшін тек Air Astana компаниясының өзіне айына 30 мың тонна қажет. Ал сыртқы рейстер күн санап көбейіп жатыр.
Air Astana Үкіметке МӨЗ жөндеу жұмыстарын кейінге шегеруді ұсынады. Сонымен қатар импорт қайта басталғанша өндірісті ұстап тұру қажеттігін айтады.