«Freedom Insurance» сақтандыру компаниясы қыс мезгілінде рейстің кешігуінен сақтандыру өніміне сұраныс артады деп болжап отыр. Бұған ауа райының қолайсыздығы салдарынан ұшу кестесінің жиі бұзылуы себеп. Компания өкілдерінің айтуынша, жаз мезгілімен салыстырғанда қыста бұл сақтандыру түріне қызығушылық жоғары болады.
«Қолайсыз ауа райы кезінде рейстің кешігу ықтималдығы артады. Сондықтан жолаушылар ұшуды күту уақытын өздері үшін барынша жайлы өткізгісі келеді», – дейді «Freedom Insurance» АҚ басқарма төрағасы Азамат Керімбаев.
ҚР Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанда әрбір бесінші рейс кешіккен. Жалпы саны 101 мыңнан асатын рейстің 22 383-і уақытынан кеш орындалған. Елдегі әуе тасымалдаушыларының рейстерді уақытылы орындау көрсеткіші 78%-ды құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 3 пайыздық тармаққа жоғары.
Комитет рейстердің кешігуінің негізгі себептері ретінде ауа райы жағдайларын, өндірістік қажеттілікті, әуе кемелерінің кешігіп келуін және әуежайлардың жабылуын атайды.
Рейс кешіксе, 50 мың теңгеге дейін төлем алуға болады
Биыл қаңтарда Freedom Insurance компаниясы рейстің кешігуінен сақтандыру өнімін халықаралық рейстер үшін іске қосты. Ал қыркүйектен бастап оны Қазақстан ішіндегі рейстерге де рәсімдеуге мүмкіндік берілді.
Қаңтар-қазан айлары аралығында халықаралық және ішкі рейстер бойынша 1 500-ден астам сақтандыру шарты жасалған.
Сақтандыру шарты рейс ұшатын күні күшіне енеді. Рейстің кешіккені туралы ақпарат компания жүйесіне түскен кезде сақтандыру жағдайы автоматты түрде тіркеліп, төлем жүзеге асырылады.
Компания өкілінің айтуынша, бұл өнім параметрлік сақтандыру түріне жатады. Яғни төлем алдын ала белгіленген шарттың (триггердің) іске қосылуына байланысты жүргізіледі.
Бұл жағдайда сақтандыру төлемі билетте көрсетілген ұшу уақытына қатысты екі кезеңде жүзеге асырылады:
2 сағаттан астам кешіксе – клиентке 10 000 теңге төленеді;
6 сағаттан астам кешіксе – қосымша 40 000 теңге аударылады.
Осылайша, рейс алты сағаттан астам уақытқа кешіккен жағдайда жолаушы жалпы 50 000 теңге сақтандыру төлемін ала алады. Қаражат 5-10 минут ішінде аударылады.
«Жүйе рейстің 2-6 сағат аралығында кешіккенін анықтаса, клиентке автоматты түрде 10 000 теңге көлемінде төлем түседі. Егер арада тағы төрт сағат өтсе де, клиент әлі ұшып кетпесе, жүйе мұны тіркеп, оған қосымша 40 000 теңге төлейді. Осылайша, рейстің кешігу ұзақтығына қарай сақтандыру төлемі екі кезеңмен жүзеге асырылады. Қаражат небәрі 5-10 минут ішінде аударылады», – деп түсіндіреді Азамат Керімбаев.
Компанияның мәліметінше, алғашқы төлем жолаушыға күту кезінде тамақтануға, ал екінші төлем алты сағаттан астам кешіккен жағдайда қонақүйге орналасуға көмектеседі.
Қандай жағдайда сақтандыру төлемі жасалмайды?
Freedom Insurance рейстің ұшу уақытын алдын ала өзгерту немесе басқа уақытқа ауыстыру сақтандыру жағдайына жатпайтынын ескертеді.
Егер әуе компаниясы немесе билет сататын агрегатор жолаушыға билетте көрсетілген ұшу уақытына дейін рейстің өзгергені туралы хабарласа, мұндай жағдай үшін сақтандыру төлемі қарастырылмаған.
Ішкі рейстерге арналған сақтандыру өнімі жақында ғана іске қосылғандықтан, әзірге компания төлемдерді негізінен халықаралық рейстер бойынша тіркелген жағдайларда жүзеге асырып отыр.
«Өнім параметрлік сақтандыру тетігіне және төлемдерді жедел жүзеге асыру жүйесіне негізделген. Қазіргі уақытта нарықта оған тікелей балама жоқ. Сондықтан алдымен өз статистикамызды жинақтап, өнімнің қолданылуына жан-жақты талдау жүргізуіміз қажет. Бұл нақты тәуекелдерді, сақтандыру триггерлерінің іске қосылу ерекшеліктерін және өнімнің қаржылық нәтижелерін бағалауға мүмкіндік береді. Алынған деректер негізінде сақтандырумен қамту аясын кеңейтудің орындылығы туралы негізделген шешім қабылдай аламыз», – дейді Азамат Керімбаев.
Қазіргі уақытта сақтандыруды Freedom Travel сервисі арқылы ұшақ билетін сатып алу кезінде рәсімдеуге болады. Компания болашақта бұл өнімді жеке сервис ретінде іске қосуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Freedom Insurance саяхатшылардың сапарын жайлы етуге бағытталған басқа да сақтандыру өнімдерін әзірлеуді жоспарлап отыр.