Қазақстанда проблемалық кредиттер мен микрокредиттерді есептен шығару кезінде жеке тұлғалар жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуден босатылуы мүмкін. Бұл ретте банктер мен микроқаржы ұйымдарына берешекті есептен шығаруға арналған қолданыстағы лимиттерді екі есе қысқарту ұсынылды. Тиісті түзету Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен 30-шы отырысында мақұлданды.
Ұсынысқа сәйкес, банктер проблемалық берешекті несие портфелінің жылдық көлемінің 5%-ы шегінде, ал микроқаржы ұйымдары 10%-ы шегінде есептен шығара алады. Осы лимиттер аясында қарыз алушыларға қосымша талаптар қойылмайды және есептен шығарылған берешекке ЖТС салынбайды.
Егер белгіленген лимиттен асып кетсе, кредитор артық сомаға провизияларды төмендетуден түскен табысты мойындап, одан салық агенті ретінде ЖТС төлейді.
Жобалық кеңсе отырысында мақұлданған екінші түзету жеңіл өнеркәсіп саласына қатысты. Атап айтқанда, өндірісті жергіліктендіруді арттыру туралы келісім жасасқан кәсіпорындарға бірқатар салықтық жеңілдіктер беру ұсынылды.
Олардың қатарында жер және мүлік салығы, жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы, сондай-ақ корпоративтік табыс салығы бойынша преференциялар бар. Кәсіпорын келісім талаптарын өз кінәсінен бұзған жағдайда, салықтық жеңілдіктер бұзушылыққа жол берілген салық кезеңінің басынан бастап жойылады.
Сонымен қатар отырыста жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары дайын өнім өндіруге қажетті маталарды импорттаған кезде ҚҚС төлеу мәселесін көтерді. Қауымдастық өкілі Салтанат Әбдікәрімованың айтуынша, кәсіпорындар шикізатты әкелген кезде ҚҚС-ты бірден толық төлеуге мәжбүр. Ал тапсырыс берушілер дайын өнімнің ақысын бірнеше айдан кейін, кейде тоғыз айға дейін кешіктіріп төлейді. Бұл өндірушілердің айналым қаражатына салмақ түсіреді.
Осы мәселені шешу үшін Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда өнім өндіруге пайдаланылатын маталарды импорттау кезінде ҚҚС төлемін бөліп төлеудің қолданыстағы тетігін қолдануды ұсынды.