Қазақстанда құрылыс саласының өсу қарқыны құрылыс материалдары өндірісінен озып кетті. Бұл отандық материалдар тапшылығына, импорт көлемінің артуына және шетел валютасына сұраныстың өсуіне әкелуі мүмкін. Нәтижесінде теңге бағамына қосымша қысым түсуі ықтимал.
Halyk Finance сарапшыларының 2026 жылдың 10 айындағы құрылыс саласына арналған шолуына сәйкес, Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1% өскен. Дегенмен саланың өсу қарқыны баяулаған.
Сала өсіміне негізінен инфрақұрылымдық жобалар үлес қосқан. Теміржол, метро, электр беру желілері мен құбырларды қоса алғанда, инженерлік құрылыстарға жалпы құрылыс жұмыстары көлемінің 55%-ы тиесілі. Алайда бұл сегменттің өсімі 19%-дан 15,8%-ға дейін төмендеген.
Тұрғын үй құрылысы
Тұрғын үй құрылысының өсімі 12,2%-ға дейін жеделдеген. Алайда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің өсімі 10 айда 4,5%-дан 2,1%-ға дейін баяулаған.
Пайдалануға берілген тұрғын үйдің шамамен 95%-ы жеке құрылыс компанияларының үлесінде. Елорда мен Алматы қалалары елдегі тұрғын үй құрылысының жалпы көлемінің шамамен 38%-ын қамтамасыз еткен.
2026 жылдың қаңтар-қазан айларында Астанада 3,4 млн шаршы метр, Алматыда 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Құрылыс материалдарының өндірісі артта қалды
Halyk Finance сарапшылары құрылыс материалдарының өндірісі саладағы өсім қарқынына ілесе алмай отырғанын атап өтті. 2026 жылдың 10 айында құрылыс материалдарының өндірісі жылдық мәнде небәрі 5,4% өскен. Ал құрылыс саласындағы өсім 13,1%-ды құрады.
Осылайша, құрылыс саласының өсімі материалдар өндірісінің өсімінен 7,7 пайыздық тармаққа жоғары.
Сарапшылардың пікірінше, егер 2027 жылы құрылыс осындай қарқынмен өсе берсе, отандық құрылыс материалдарының тапшылығы туындауы мүмкін. Бұл құрылыс жұмыстарының қымбаттауына және импорт көлемінің артуына әкеледі.
Ал шетелден құрылыс материалдарын сатып алу шетел валютасына сұранысты арттырып, теңге бағамына қысым түсіруі ықтимал.
2027 жылы құрылыс қарқыны сақталуы мүмкін
Halyk Finance сарапшылары келесі жылы да құрылыс саласының жоғары өсім қарқынын сақтайды деп күтеді.
Бұған бюджет инвестициялары мен Ұлттық қордан берілетін трансферттердің ұлғаюы, сондай-ақ Үкімет пен мемлекеттік компаниялардың ішкі және сыртқы қарыз алуы қосымша қолдау көрсетуі мүмкін.
Осы факторларды ескерген сарапшылар 2027 жылы құрылыс саласындағы белсенділік жоғары деңгейде сақталады деп болжап отыр.