Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жекешелендіруге ұсынылған нысандар тізімін жариялады. Оған «Атырау мұнай өңдеу зауыты» және «Павлодар мұнай-химия зауыты» кірген. 

Агенттік мәліметтері бойынша, Атырау мен Павлодардағы зауыттарды сату мерзімі 2028 жылға белгіленген. Әңгіме мұнай өңдеу тәжірибесі бар стратегиялық инвесторға компаниялардың 100% немесе бақылаушы үлесін сату туралы, не жекешелендіру/аралас меншік нысанына көшу туралы болып отыр.

Жекешелендірудің мақсаты – өндірісті жаңғырту, тиімділікті арттыру және қосымша нарықтарды игеру үшін инвестиция тарту.

Негізгі талаптар ретінде міндетті түрде кешенді аудит (қаржылық, құқықтық, экологиялық), CAPEX (капиталдық шығындар) және ROI (инвестициялардың рентабельдік коэффициенті) көрсеткіштері бар жаңартылған бизнес-жоспар әзірлеу, активтер мен міндеттемелерді бағалау аталды.

Сондай-ақ зауыттардың бейіндік емес активтерін бөлу, инфрақұрылымдық шығындарды бағалау, қарыз міндеттемелерін қайта құрылымдау және қажет болған жағдайда оңтайландыру бағдарламаларын әзірлеу ұсынылады.

Қаржылық есептілікке сәйкес, 2024 жылдың соңында «Атырау МӨЗ» 99% үлесі «ҚазМұнайГазға» тиесілі болды. 2024 жылы МӨЗ-дің кірісі 2023 жылғы 301,6 млрд теңгемен салыстырғанда 308,6 млрд теңгені, пайдасы – 32,1 млрд теңгені (91,8 млрд теңге) құрады.

Павлодар МӨЗ кірісі 2024 жылы 155,9 млрд теңге (136,8 млрд теңге), пайдасы – 20 млрд теңге (49,7 млрд теңге) болды. Павлодар мұнай өңдеу зауыты 100% «ҚазМұнайГазға» тиесілі.