Атырау-Астрахань жолындағы құрылыс жұмыстарының кешігуіне әсер еткен себептердің бірі – жобалау кезінде қателік жібергендер жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы еліміздің батыс өңіріндегі автожолдардың мәселелеріне арналған қоғамдық талқылауда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғұмар Дүйсембаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен кездесу барысында Атырау-Астрахань автожолы құрылысының кешігу себептері және құрылыс материалдарының қымбаттауы жаңадан кідірістер тудыру мүмкіндігі туралы мәселе көтерді.
Сұраққа жауап берген ҚР ИИДМ басшысы жалпы ұзындығы 277 шақырымдық автожолды реконструкциялау құны 87,4 млрд теңгені құрайтынын атап өтті. 2019-2021 жылдары Ресей шекарасынан Ганюшкино кентіне дейінгі ұзындығы 60 шақырым болатын жолды қайта құрудың бірінші кезеңі іске асырылды. Жұмысқа 22 млрд. теңге жұмсалды. Жаңа жабынды салынған учаскеде қазір қозғалыс ашылған.
2020 жылдан бастап Еуропа қайта құру және даму банкінің қарызы есебінен қаржыландырылатын ұзындығы 217 шақырымдық (65,4 млрд.теңге) екінші кезеңді іске асыру басталды. Оған төрт мердігер компания: Lankaran Yol Tikinti, Todini Construzioni Generali S. p.A, Ant Insaat Maden Sanayi және "СМС" БК" ЖШС тартылған. Жобаның басталуы расында ұзаққа созылды.
"2020 жылы COVID-19 пандемиясы қатты әсер етті. Соның салдарынан қызметкерлер мен техниканы жұмылдыруда қиындықтар туындады. Бұдан басқа, жобаны іске асыру барысында "Жаңа жол" ЖШС жобалау институты жобалау кезінде қателік жіберген. Жергілікті карьерлерден топырақ қосылған қабат төселіп, гипстің құрамына қойылатын талаптарға сәйкес келмеді. Жоба авторы жіберілген қателіктер үшін жауапқа тартылды", - деді Қ.Өскенбаев.
Министрдің айтуынша, 2021 жылы жол компаниялары жер төсемін төгу және жасанды құрылыстарды салу жұмыстарын ғана жүргізді. Сонымен бірге жол төсемі конструкциясына өзгерістер енгізіліп, өткен жылдың қараша айында ғана мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды.
"Жұмыстардың құнын түзету мәселесі құрылыс кезінде пайдаланылатын негізгі жол-құрылыс материалдарының құнын өзгертуді көздейтін FIDIC (инженер-консультанттар халықаралық федерациясы) ережелері бойынша келісім-шарт талаптарымен реттелген", - деп толықтырды министр.
Алдағы жоспарларға қатысты биыл автокөліктердің жүруін қамтамасыз ету және 2023 жылы жобаны толықтай аяқтау жоспарланып отырғанын атап өтті.