Атом энергетикасының әлемдегі жағдайы мен Қазақстандағы болашағы

Қазақстанда үш атом реакторы жұмыс істеп тұр.

Қазіргі таңда әлемдік энергетиканың шамамен 10%-ы 442 ядролық энергетикалық реакторларда өндіріледі. Бұлардан бөлек дәл қазір әлем бойынша 50 реактор салынып жатыр. Бұлар қазіргі ядролық реакторлардың өндірген энергиясының 15%-ын өндірмек. 

2020 жылы ядролық энергетикалық реакторлар 2553,2 ТВт·сағ электр қуатын шығарды. Яғни, көмірқышқыл газынан ада энергияның үштен бірі атом энергетикасына тиесілі. 

Таяуда Глазгода өткен СОР26 саммитінде Еуроодақтың 10 елі атом энергетикасын Еурокомиссияның жасаған қоршаған ортаға зиянды азайтатын салалардың қатарына қосуды ұсынды. Олардың арасында Франция, Финляндия, Польша бар. Бұл елдер атом энергетикасына салынған қаражатты "жасыл таксономия" санатына енгізуді ұсынады. 

Қоршаған ортаға зияны жағынан 1000 МВт энергия өндіру үшін газ ЖЭС 13 000 тонна күкірт диоксиді, азот оксиді, көмірқышлық оксиді мен күл шығаратын болса, көмір ЖЭС 165 000 тонна шығарады. Ал атом станцияларында мұндай қалдық жоқтың қасы. Ал көмірқышлық газы бойынша, 1000 МВт энергия өндіру үшін газ ЖЭС жылына 3 800 000 тонна көмірқышқыл газын шығарса, көмір ЖЭС 7 000 000 тонна шығарады. Атом станцияларында да бұл жоқтың қасы. 

Атом энергиясын пайдаланушы елдердің көш басында АҚШ (94 станция), Франция (56), Қытай (50), Ресей (38), Жапония (34), Оңтүстік Корея (24). 

Электр қуаты өндірісіндегі атом станцияларының үлесі ең көп Францияда 71%, Словакияда 53%, Украинада 51%, Бельгияда 39%, Финляндияда 34%, Швейцарияда 33%, Швецияда 30%, Оңтүстік Кореяда 30%, АҚШ-та 20%, Канадада 15%.

Ядролық энергетика тарихында ірі үш апат болған. Бірі Три-Майл-Айленд апаты (АҚШ), Чернобыль (КСРО) және Фукусима-дайити (Жапония). 

Біреу білер, біреу бірлмес, Қазақстанда жарты ғасырдан астам уақыттан бері зерттеу мақсатында салынған ядролық реакторлар жұмыс істеп тұр. Байкал-1 мен ИГР ядролық реакторлары Курчатовтағы ұлттық ядролық орталықта. Үшінші ВВР-К Алматы жанындағы Алатау ауылындағы Ядролық физика институтында жұмыс істеп тұр.