Тұрғын үй нарығындағы белсенділік астанаға шоғырланды. Тамыз айында елордада 9 457 сатып алу-сату мәмілесі тіркелді. Бұл – Қазақстан бойынша барлық келісімдердің 23%-ы. DataHub сарапшыларының айтуынша, бұл көрсеткіш 2019 жылдан бергі ең жоғары үлеске жетті.

Астанадағы мәмілелердің айлық өсімі 10%-ды, жылдық өсімі 15%-ды құрады. Елордада 9 мыңдық «психологиялық межеден» асу сирек кездеседі: соңғы рет бұл деңгейге 2024 жылғы рекордтық желтоқсанда ғана жеткен.

Ал Қазақстан бойынша жалпы мәміле саны 41,4 мың болды. Бірақ бұл жерде өсім әлдеқайда төмен – шілдемен салыстырғанда +4%, бір жыл ішінде бар болғаны +1%.

Астанадағы сауданың негізгі бөлігі көпқабатты үйлерге тиесілі. Әсіресе, бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлерге сұраныс жоғары. Тамызда жасалған әр 10 мәміленің 8-і осындай пәтерлерге қатысты. Ел бойынша бұл үлес төменірек – 10 мәміленің 6-ы ғана бір және екі бөлмелі пәтерге тиесілі.