2025 жылғы тамызда Астанадағы жаңа пәтерлердің бағасы шілдемен салыстырғанда 3,9% қымбаттады. Бұл – 2022 жылдың наурызынан бергі ең жоғары айлық өсім. 2015 жылдан бері мұндай серпінді жағдай небәрі үш рет қана тіркелген, деп жазды DataHub сарапшылары.
Қайталама нарық пен жалдау құны
Қайталама нарықтағы пәтерлер де арзандаған жоқ – +1,7% айлық өсім. Мұндай динамика соңғы рет 2024 жылдың желтоқсанында байқалған.
Ал жалдау құны бір айда 3,1% өсті. Биыл бұдан да айқынырақ секірістер болғанымен, тамыздағы өсім де айтарлықтай көп.
Алматыдағы жағдай
Алматыда жаңа тұрғын үйдің бағасы екінші ай қатарынан өзгеріссіз тұр. Есесіне, қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы қатарынан сегізінші ай бойы өсіп, тамызда +0,6% тіркелді.
Жалдау құны бір айда 1,7% артты. Бұл көрсеткіш өткен жылғы жаңа оқу жылы алдындағы өсіммен (1,5%) шамалас.
DataHub сарапшылары атап өткендей, Астанадағы жаңа тұрғын үй бағасының серпіні ел астанасында сұраныс пен қысымның ерекше жоғары екенін көрсетсе, Алматыда тұрғын үй нарығы қайталама нарық пен жалдау есебінен ғана қозғалыс танытып отыр.